химия. «Минералды тыңайтқыштар»

ШҚО, Аягөз қаласы Аягөз ауданы, №5 мектептің химия пәні мұғалімі: Нұрбекова Ақмарал Молдағалиқызы

Сабақтың мақсаты:

Өсімдікке қажетті қоректік элементі бар қосылыстар — тыңайтқыштар және олардың түрлері жайлы түсінік беру. Тыңайтқыштардың биологиялық маңызына тоқталу.

Дамытушылық  мақсаты:   Оқушылардың ойлау қабілетін кеңейту. Бақылауға, эксперимент жасауға үйрету, өз беттерімен қосымша материалдар іздеу және деңгейлі тапсырмалар беру арқылы білімдерін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты: Қоршаған ортаны қорғауға, табиғат байлықтарын үнемдеуге тәрбиелеу және қауіпсіздік техникасының ережесін жетік білуге үйрету.

Сабақтың түрі:  Аралас сабақ.

Көрнекілік пен құрал-жабдықтар: Интерактивті тақта, слайдтар, периодтық жүйе, ерігіштік кестесі, сынауық, реактивтер, деректемелер.

Сабақтың барысы:

І Ұйымдастыру кезені

Оқушыларды түгендеп, сабаққа дайындау.

ІІ Сабақ үй тапсырмасын қайталау сұрақтарынан басталады.

  1. Фосфорға жалпы сипаттама.
  2. Фосфор (V)оксидінің физикалық қасиеттері.
  3. Фосфор қышқылының қасиеттері, қолданылуы.
  4. Мына өзгерістерді жүзеге асырыңдар:

Р → Р2О5 → Н3РО4 → Фосфаттар

ІІІ Жаңа сабақ

Құрамында кенеулі элементі бар, өсімдіктің өсіп жетілуіне қажетті заттар тыңайтқыштар деп аталады.

Тыңайтқыштар шығу тегіне қарай органикалық және бейорганикалық, қоректік элементтердің болуына қарай азотты, фосфорлы, калийлі, агрегаттық күйіне қарай қатты, сұйық болып бөлінеді.

         Азотты, фосфорлы, калийлі тыңайтқыштар жайлы оқушылардың деректемелері тыңдалады.

         Азотты тыңайтқыштар минералдық және органикалық болып екіге бөлінеді. Минералдық тыңайтқыштар өз ішінде қатты, сұйық болып жіктеледі. Қатты түріне селитра, несепнар жатса, сұйық түріне аммиак суы жатады. Органикалық азот тыңайтқыштарына мал қиы, қорда, құс саңғырығы, жасыл өсімдік шіріндісі жатады.

Фосфорлы  тыңайтқыштардың суда еритін (жай суперфосфаттар, қос суперфосфаттар, аммофос, нитрофос), суда нашар еритін (преципитат), суда ерімейтін (фосфорит ұны) түрлері болады.

Қазақстан жеріндегі бай фосфор қорын өңдеу жолын іздеу фосфорлы қосылыстар химиясын дамытуға негіз болды. Академик Ә.Б.Бектұров Қаратау фосфоритінен әртүрлі фосфор  тыңайтқыштарын алудың ғылыми негізін қалады. Фосфор қосылыстары мен фосфор  тыңайтқыштарын зерттеуде  Ә.Б.Бектұров және оның шәкірттері көп еңбек сіңірді.

Қаратау бассейінінің фосфорит кенінен Тараздың және Шымкенттің өндірістік бірлестіктері және басқа да химия кәсіпорындары фосфор тыңайтқыштарын өндіреді.

Калий тыңайтқыштары жай және кешенді болып екі топқа жіктеледі. Жай түріне калий хлориді, калий сульфаты, өсімдік күлі, кешенді түріне калий селитрасы, калий фосфаты, аммофос жатады.

         Сен білесің бе? Оқушының есіне.

         Массасы 1т жүгері топырақтан 14кг азот; 2,5кг фосфор; 3,5кг калий; 1,5кг күкірт әкетіп отырады. Сөйтіп топырақтың құнарлылығы кеміп, тыңайтқыш қолдану қажеттілігі туады.

Кенеулі элементтердің жетіспеушілігінен өсімдіктерде ауытқулар пайда болады.  Азот жетіспеген  жағдайда — өсімдіктің    жапырағы бозғылт жасыл болып, бойы өспей қалады. Фосфор жетіспегенде – жапырақта  қара-қошқыл дақтар пайда болып, өсімдіктің гүлденуі баяулайды. Калий жетіспесе — жапырақтардың ұшы сарғайып, қурайды, фотосинтез қарқыны төмендейді.

Тыңайтқыштарды өсімдікке қажетті мөлшерден артық та беруге болмайды, ол адам өмірі үшін қауіпті.

Нитраттардың және оның туындыларының артық мөлшерінің адам ағзасына әсері: гемоглобиннің  түзілуі нашарлайды, ферменттік жүйенің қызметінің бұзылуы, орталық жүйке жүйесінің, жүрек қан тамырларының, эндокриндік жүйенің, зат алмасу қызметтеріне әсер етеді, иммундық жүйенің бұзылуы, ағзада түзілген нитрозоаминдердің концерогенді әсері, ағзаның концерогенді,  мутагенді және басқа  да факторларға  төтеп беруі төмендейді.

           ІV  Жаңа сабақты бекіту

         Логикалық есеп:Күзде шаруа жерді жыртып, құнарландыру мақсатында калий селитрасын сеуіп тастады.   Бірақ келесі жылы бәрі бұрынғыдай болып қалды, ешқандай нәтиже болмады.    Неге?

Химиялық эксперимент:   Минералдық тыңайтқыштарды зерттеу.

Келесі тыңайтқыштардың ерітінділері  берілген:Аммоний сульфаты (NH4)2SO4  және аммоний хлориді NH4Cl.   Осы заттардың сапалық құрамын анықтаңдар.

Деңгейлік тапсырмалар:

І деңгей

Аммоний нитратының және кальцийортофосфатының формуласын жазыңдар;

ІІ деңгей

Натрий нитратындағы азоттың  массалық үлесін есептеңдер;

ІІІ деңгей

Құрамы келесідей заттың молекулалық формуласын табыңдар:

Азот – 12,2,    Сутек– 5,5,    Фосфор – 27,0,    Оттек – 55,6.

         V  Сабақты қорытындылау

Минералды тыңайтқыштар – өзіне сақтықты қажет ететін химиялық заттар.   Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдаланса ғана, жоғары өнім алуға болады.

VІ Сабақ соңында барлық жұмыстар бойынша қорытынды баға қойылады.

         VІІҮйге тапсырма: §20  № 6, 7 есеп.

        Сабақтың толық нұсқасын көшіріп алыңыз.

 

 

Check Also

География -10. §52 Ресей халқы, еңбек ресурстары.

Мырзакулова Мереке Сейсеналиевна. Жамбыл облысы Шу қаласы Төле би орта мектебінің география   пәні мұғалімі. «Гүл сыйлау» …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.