Асыл Ана

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы,  Күршім ауылы, № 5 Күршім орта мектебінің өзін-өзі тану пәні мұғалімі Рахметолдина Жаннур Ризабековна

Сабақ тақырыбы: “Асыл Ана”   (шебер-класс)

Сабақтың көрнекілігін осы жерден алыңыз!

Мақсаты:

Қазақстанның бірінші ханымы, “Бөбек” балалар қайырымдылық қорының Президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның өмір жолы жалпы адамзаттық рухани құндылықтарға бастайтын қайырымдылық іс-шаралары, еліміздегі адамгершілік-рухани білім беруінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, жер бетінде өмір сүрген барлық халықтардың арманы – өзара түсіністік пен сыйластықты сақтауы деген қағидасын түсіндіре отырып, “Өзін-өзі тану” әлемінің басты мақсаты – ұл-қыздарымызды жеке өзімен және өзін қоршаған ортамен үйлесімділікпен өмір сүруге баулу. Сара Алпысқызының ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегіндегі өмірге, ата-анасына, ең жақын адамдарына, жалпы адам атаулыға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік, махаббат, достық секілді ізгілік қасиеттерге тәрбиелеу.

Барысы:

Шаттық шеңбері

– Қайырлы күн, құрметті оқушылар!  Сіздерді “Шаттық шеңберін” құруға ортаға шақырамын. Шеңбер бойымен жұмсақ жүректі бір-бірімізге бере отырып, амандасып, тілек айтуларыңызды сұраймын… Тілектеріңізге көп рақмет. Жүрегіміз қуанышқа толды. Сабағымызды бастайық.

Мұғалім:

– Балалар, “алтын жүректі”, “үлкен жүректі” деген сөздер қандай мағынада айтылады?

– “Алтын жүректі”,  “үлкен жүректі” адамдар деп кімдерді айтады?

“Әңгімелесу” әдістемелік тәсілі арқылы оқушылардың жаңа тақырып бойынша не білетіндерін анықтаймыз.

Мұғалім:

Құрметті біздің аяулы да, ардақты балаларымыз, құрметті қонақтар! Біз бүгін “Алтын жүрек Анамыз” атты мейірімділік сабағын бастаймыз. Сонымен бірге бұл сабақтың өзіндік тағы бір ерекшелігі бар. Ол – “Бөбек” балалар қайырымдылық қорының Президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның туған күніне арналады.

Сәкен Майғазиевтың орындауындағы “Асыл Ана” әнінін үнтаспадан тыңдату, талдату.

Оқушы:

Қолдау беріп қасиетті Алашы

Қазағымның қыз да болса дарасы.

Ұлы тұлға ұлылығын дарытып,

Жетімдердің бола білген панасы.

Оқушы:

Жас сәбидің жетелеген арманын

Жүрегіңмен жолға салып жалғадың.

Ақ жолыңа нұр құйылып алдыңнан

Шапағаты бөлей берсін Алланың.

Оқушы:

Бөбектердің былдырлаған тілдері,

Еліміздің қуанышы, гүлдері.

Тарихында қазағымның жасасын

“Бөбек” қоры еліміздің бүгінгі.

Оқушы:

Алақаның ыстық сенің аялы

Кең пейілді, мейірімді анасың.

Пана болып бауырыңа тарттың сен

Барша жұрттың жетім қалған баласын.

Оқушы:

Тәрбиелеп қазақ ұл мен қыздарын,

Әрқашанда жалғастырдың ұрпағын.

Азамат қып ер жеткіздің бәрін де,

Келешекке үлкен үміт бастадың.

Оқушы:

Жүрегі кең, ақ пейілді, дара апам,

Шәкірттерің биік өрге самғаған.

Шуақ шашып жер жүзіне мейірімің,

Ел Анасы атандың сен, Сара апам!

Оқушы:

Жетімдіктің алыс кетсін ызғары

Әлі талай ерітерсің мұз-қарын.

Күн күлгенде сіз екен деп қаламыз

Бір өзіңдей болсын қазақ қыздары.

Оқушы:

Бүтін болсын етек жең мен жағамыз,

Күннен-күнге арта берсін бағаңыз.

Бар қазақтың қамқоршысы, панасы,

Сара апай мен Нұрсұлтандай ағамыз!

Мұғалім:

Сара Алпысқызы “Бөбек” қайырымдылық қорының негізін қалаушы. “Бөбек” қайырымдылық қорының Президенті С. Назарбаеваның жетім балалардың мүдделерін қорғау ісіне қосқан үлесі өте қомақты. Жетім балаларды тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастырып, елімізде тұңғыш  “SOS Киндердорф” балалар ауылының өмірге келуіне мұрындық болды. Соның арқасында жетімдік тақсіретін тартқан бүлдіршендер отбасылық ортада өсіп, тәрбиеленіп жатыр. Кәмелеттік жасқа толған соң мемлекет олардың жұмысқа орналасуына, оқуларын жалғастыруына жағдай жасайды. Жоғары оқу орындарына түскен жастарға “Бөбек” қоры шәкіртақы тағайындап, көмек көрсетеді.

Ерен еңбегі әлемдік қауымдастық назарын аударып, 1999 жылы “SOS Киндердорф” халықаралық қорының Алтын медалімен, 2002 жылы ЮНИСЕФ-тің арнайы сыйлығымен марапатталған болатын.

Сара Алпысқызы Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының И. Дограмачи атындағы және “Юнита” халықаралық сыйлығының лауреаты болып табылады. Қазақстанның бірінші ханымының бастамасымен елімізде жетім балаларды қорғау туралы Заң қабылданды.

Оқушы:

Өзі аялап,мәпелеп, ғұмыр жайлы жыр еткен,

Үміт күткен Анамыз сол өсірген түлектен.

Ұғындырды өмірдің жақсы, жаман тұстарын,

Ұғындырды аналық және алтын жүрекпен.

Оқушы:

Жанарларда нұр ойнап, сенім орнап көңілге,

Талай сәби гүлденіп, құштарланды өмірге.

Әрбір ізі гүл-дастан, кең құшағы нұр шашқан,

Мың рахмет дүниеге Сізді әкелген тәңірге!

Оқушы:

Күлкісіне сәбидің толсын деп кең даламыз,

Шапағат пен мейірім дәнін сепкен панамыз.

Алдыңызда мәңгілік қарыздар боп қаламыз,

Құтты болсын мерейтой, Алтын Жүрек Анамыз!

Оқушы:

Қиялменен кейде бір аспанға ұшқың келмей ме,

Әлі бала болсам да, таң қаламын мен кейде.

Сара апамыз бір өзі даңқын елден асырып,

“Бөбек” қорын көтерді халықаралық деңгейге.

Мұғалім:

2006 жылы мамыр айында Мәскеуде адамзаттың ізгі мұраттарына қызмет атқарғаны үшін “Алтын жүрек” халықаралық сыйлығы тапсырылды.

Сара Алпысқызы жалпы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың, қайта өрлеу “Өзін-өзі тану” бағдарламасының авторы болып табылады.  “Өзін-өзі танудың” философиясына ұланғайыр үлес қосқаны үшін Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальға ие болды.

2010 жылы Сара  аналар мен балаларды қорғаудағы, Қазақстанның жас ұрпағына рухани-тағылымдық білім берудегі еңбегі үшін “Достастық жұлдызы” сыйлығы табыс етілді.

Оқу ақпараты:

“Баланың бойындағы қабілетін ашып, өзіне жол таптырып, өз күшіне өзін сендіру қаншалықты маңызды десеңші. Ол өзін-өзі сыйлай білуі, ар-ұяты алдында таза болып, әділетсіз, жөнсіз, әдепсіз іс-әрекеттің ақыры неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін білуі тиіс. Мейірімділік пен махаббат жылуы жүректен-жүрекке жетіп, Әлемді Махаббат пен Қайырымдылық шуағына бөлесін”.

                                                                                              (Сара Алпысқызы)

Шығармашылық жұмыс

Үй тапсырмасы ретінде оқушылар Сара Алпысқызына арналған тілектерін, құттықтауларын, суреттерін көрсетеді.

Мұғалім:

Құрметті оқушылар, қонақтар! Сабағымызды Сара Алпысқызының ұрпақтарына айтқан ғибратты тілегімен қорытындылаймыз:

“Қымбатты балалар, мен – Анамын, Әжемін, шөбере сүйдім. Мен еліміздегі барлық баланы өз баламдай жақсы көремін. Сендерді үлкендердің өнегесін ғасырларға жалғайды деп сенемін. Ата-анаңа, айналаңдағы адамдарға мейірімді бол. Оларды сыйлай біл. Өтірік айтпа. Сонда сенің бойыңда сенімділік, өмір сүруге деген құштарлық, жалын пайда болады. Жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарға деген бауырмалдық, сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады. Мен сендерге осындай ізгі тілек тілеймін”.

Жүректен-жүрекке

Балаларды шеңберге тұрғызып, қол ұстастырып Ж. Тұрбековтың сөзіне жазылған Ә. Еспаевтың “Бақытты балалық шақ” әнімен сабағымызды аяқтаймыз.

 

Check Also

ҰБТ – 2017 жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өтеді. Қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. ҰБТ– жоғары оқу …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.