Еңбек жолы ұлағатқа толы.

“Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс”

Н. Ә. Назарбаев.

“Ұстазыңды құрметте, ол сенің көкірек көзіңді ашқан” деп өсиет қалдырған екен Пайғамбарымыз Мухаммет (с.ғ.с.). Әлемдік прогрестің бүгінгі биігіне адамдар тек қана білімнің арқасында қол жеткізіп отыр. Аса қарқынды постиндустриялық қоғамдағы елдің бәсекеге қабілеттілігі де өз дербестігін сақтау мүмкіндігінде тек қана ғылым мен білімге, болашақ ұрпақтың біліктілігі мен өз бетімен білімін жетілдіру, оны пайдаға асыру мүмкіндігіне тікелей байланысты. Міне, сондықтан да ел президенті Н.Ә.Назарбаев “Еліміздің ертеңі-бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында” деп тұжырымдаған болатын.  Ұстаздық қызметті үздіксіз шығармашылықпен атқарып, педагогикалық шеберлігінің биігіне көтеріліп, үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген үздік педагогтар әр мектептен табылады. Олар – әр мектептің элитасы, педагогикалық көшбасшысы. Педагогиканы ғылыми жағынан да, практикалық жағынан да, үздіксіз жетілдіріп дамытатын осындай шығармашыл, ізденімпаз, жаңашыл ұстаздардың бірі – Тоғас батыр атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қағазова Жамал Амантайқызы. Ол осы мектепте 1996 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Сынып жетекшісі ретінде оқушы тұлғасын қалыптастырып дамытудағы ерекше ұйымдастырушылық қабілеті өз алдына жеке әңгіме. Білім беру саласында қызмет істейтін адамға, ең алдымен, жан-жақтылы білім керек екендігі даусыз. Мұғалімдердің біліктілік тестілеуінде Ж. Қағазова 80 сұрақтан 68 балл жинап 85 пайыз білім сапасын  көрсетті. Өз пәні бойынша берілген 40 сұрақтан 40 балл жинап 100 пайыз білім нәтижесіне қол жеткізді.

Өзінің осындай ұшан-теңіз білімін іске асыруда аянбай еңбек етіп жүрген Ж.Қағазованың “Абайтану” курсы бойынша жасаған авторлық бағдарламасы облыстық білім арттыру институтында бекітілген. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде, жастардың рухани-адамгершілік болмысын қалыптастыруда, адамзаттың алыбы, ұлттық қана емес, әлемнің ұстазы – Абай шығармашылығын баға жетпес асыл қазына деп есептеп, оларды Абай мұрасы негізінде тәрбиелеу мақсатында мектепте 2007 жылдан бастап “Абайтану” курсы оқытылып келеді. “Абайтану” бағдарламасы аясында оқушыларға арналған “Сұрақтар мен тапсырмалар жүйесі” жасалып, осы негізде жұмыстар жүргізілуде. Республикалық “Республика ұстаздары” газетінің 2011 жылғы, 1,2 санында “Жеке тұлғаны қалыптастырудағы “Абайтану” курсын оқытудың маңызы” деген көлемді мақаласы жарияланды. Республикалық “Қазақ тілі мен әдебиеті” және “Ұлағат” журналдарының бас редакторы З. Шілдебайұлының “Жас ұрпаққа Абайды таныту жолындағы елеулі үлесі және журналмен тығыз шығармашылық байланысы үшін” арнаулы дипломымен марапатталуы – баспасөзбен де үнемі баланыста болғандығын көрсетеді. Оқушылары М. Мырзағалиева, Н. Амантұрұлы аудандық, облыстық “Абай оқуларының” жүлдегерлері болған. Семей қаласындағы Абай мұражайымен тығыз байланыс жасай отырып, мектепте Абай шығармашылығына байланысты әртүрлі мәдени- көпшілік шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Абайдың 165 – жылдығына орай “Абай – дана, Абай – дара қазақта атты қабырға газеті шығарылса, 6 – сынып оқушыларымен “Абай-би, болыс, заңгер”атты  әдеби – сазды қойылым қойылды, ал 9 – сынып оқушылары Абайдың орыс әдебиетімен байланысын “Абай – аудармашы” деген тақырыпта көрсете білді.

Тоғас батыр атындағы орта мектептің әдістемелік кабинеті.

Шығыс Қазақстан облысы

Тарбағатай ауданы

Ойшілік ауылы.

Check Also

ҰБТ – 2017 жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өтеді. Қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. ҰБТ– жоғары оқу …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.