МЕКТЕПТІҢ БАСТАУЫШ СЫНЫП ИНФОРМАТИКАСЫН ОҚЫТУДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ РОЛІ

Ислямова Дариха Мухамед-Конапьевна «Павлодар қаласының №40 жалпы білім беру орта мектебі»ММ информатика

«Білімге деген ынталанушылық – адам бойындағы ой еңбегінің қайнар көзі, сондай көздерді көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу, өркендету өнері – мұғалімнің бойына біткен қасиет болуы керек»
Ж. Аймауытов
12 жылдық білім берудің негізі адамның жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру болып табылады. Адам тұлға болып тумайды, ол өмір сүру барысында тәрбие арқылы қалыптасады. Білімді, шығармашыл, бәсекелік қабілеті мол тұлға тәрбиелеу негізінде жасалған 12 жылдық мектептегі білім беру процесінің моделі түрлі деңгейлі вариативті білім беру мазмұны негізінде және оқытудың репродуктивтілігі мен шығармашылык технологиялары үйлесімді қабысқан мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы негізінде қалыптастырылуы тиіс. 12 жылдық мектепте оқытуды ұйымдастыру жалпы дидактикалық ұстанымдармен бірге шешуші мәні бар мынадай принциптерге ие болады:
• жеке тұлғаның жас және психофизиологиялық даму ерекшелігінің ескерілуі;
• күтілген нәтижеге жетуге бағдарлығы;
• ашықтығы;
• интерактивтігі.
Нәтижеге бағдарланған білім беру моделінде оқыту оқушы (үйрену) мен мұғалімнің (оқыту) өзара байланыс әрекетіне әр оқу процесі компоненттерінің мақсаттарын шектеуді талап етуді мақсатты ұйымдастырылған болып табылады. Сабақты құрылымдауда оқушының өзін-өзі таныту мақсаттарына, оқу материалдарын модельдеуіне, оқушының өнімді әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік туғызатын оқытудың формалары мен әдістеріне кезек беріледі.
Қазіргі кезде әлемде білім беру мәселесі дамуының үрдісінің негізгі ерекшеліктерінің бірі-ол білімнің тез өзгеруі, өмір сүру үшін қажетті мәліметтер ағыны жоғарғы қарқынмен көбеюі (кейбір дерек көздері бойынша адамға қажетті білім мөлшері екі жылда, ал кейбір деректерге сүйенсек он сегіз айда екі еселенуде). Сондықтан да бұрынғыдай жеткіншек ұрпақты энциклопедиялық біліммен қаруландыратын уақыт кетті, оған мүмкіндік жоқ, оны заман ағымы көтермейді.
Қазіргі заманғы ұрпақ таңдауында шексіз мүмкіндік туған заманда өмір сүріп жатыр. Оқушыны болашағына таңдау жасай алатын, ұтымды шешім қабылдай алатын, сондай-ақ өзінің өміріндегі өзгерістер ағымына икемделе білетін, қабілетіне байланысты өмір сүру тәртібі күтіп тұр. Сондықтан бүгінгі күні білім жүйесінде оқыту үрдісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету әрбір мұғалімнің міндеті болып отыр.
12 жылдық жалпы орта білім беру педагогикалық процестің әрбір қатысушысының шығармашылық потенциалы мен психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың дамуына жағдай жасауға, сондай-ақ негізгі мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруге, жоғары сатыдағы оқушыларды бейіндеп оқытуға бағытталған біртұтас жүйе құруды қарастырады.
12 жылдық білім берудің ерекшелігі ерте жастан информатика пәнінің оқу бағдарламасына енгізілуі. Мұндай білім беру жүйесі келешек ұрпақтың білімінің толығуына, жан-жақты болуына, шынайы әлем жағдайында тәрбиленуіне көп септігін тигізеді. Сонымен қатар 12 жылдық мектеп жоғары мәдениетті, терең адамгершілігі қалыптасқан жүйедегі құндылықтарымен, сенімдерімен өз оқушыларының шығармашылық потенциалын дамытудағы инновациялық қызмет қабілеттілігін өздігінен жетілдіруге білікті маманды талап етеді.
Ақпараттық технологияның қаулап өсуі мен ақпараттық қоғамның қалыптасуы, өркениетті елдердегі сияқты біздің республикамызда да ақпараттық мәдениетті қалыптастыру талабын туындатты.
Ақпараттық технологияны ерте жастан оқыту үшін пропедевтикалық кезең ұсынылады (1-6 сынып). Оның негізгі міндеті- оқушыларды компьютермен алғашқы таныстыру, оқулық ойындық бағдарламаларды, қарапайым компьютерлік тренажерды пайдалану процесінде ақпараттық мәдениеттің алғашқы элементтерін қалыптастыру. Бұл міндеттерді шешу оқушыларға алдағы уақытта компьютерді қолдану деңгейін тереңдете, келесі табыстарға қол жеткізудің алғашқы әзірлік-дайындықтарын жасауға мүмкіндік береді, оларды жаңа ақпараттық қоғам өміріне дайындайды.
Қазіргі өмір талабына сай компьютерлік сауаттылықты жылдам дамыта отырып, педагогикалық-психологиялық әдістемелік бастапқы дайындықты қалыптастырмайынша, балалар өз білім деңгейлерін көтере алмайды. Сол себепті информатика пәнін бастауыш сыныптан бастап енгізу қажеттігі туындап отыр. Қазірде оқушылар өмір ағымына деген көзқарастарының жан-жақты жоғары дәрежеде дамуына байланысты информатика пәнін жеңіл және тез меңгеруде.
Бастауыш сынып оқушыларына информатика пәнінің элементтерін оқыту барысында жаңа ақпараттық технологияның керемет мүмкіндіктерін кез келген пәнге қолдануға болатындығына көз жеткізу керек.
Информатика пәні стандарт бойынша бастауыштың әрбір сыныбына аптасына 1 рет, жыл бойына 34 сағат арналған. Қазірде информатика пәні бастауыш сыныптан жүретін кейбір мектептерде пән Білім және ғылым министрі ұсынған «Ақпараттық мәдениет негіздері» оқу әдістемелік кешені бойынша жүргізіліп келеді. Бұл пән дәстүрлі мәдениетті өркениеттік мәдениетпен біріктіре, кіріктіре оқытатын жаңа пән. Оқу әдістемелік кешен төрт бөлімді жұмыс дәптерінен және мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдан тұрады. Дәптердегі тапсырмалар деңгейленіп, үш деңгейге бөлініп құрастырылған. Бірінші деңгейдегі тапсырмалар мемлекеттік стандарт деңгейінің ең қажетті міндеттерін қамтыса, келесі екі деңгей оқушылардың осы алған білімін өздігінен тереңдетіп дамытуға, жүйелеп, қорытынды жасауға арналған.
Дегенмен, Қазақстанның болашақ білімді азаматтарын даярлауда бұл оқулықтармен ғана білім беру жеткіліксіз болады. Сондықтан 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жағдайы, ғылыми-техникалық прогрестің тез өсу қарқыны жаңаша оқыту әдістерінің қажеттігін алға қоюда. Сонымен қатар білім беру жүйесі жаңа педагогикалық технологияға негізделуін және ақпараттық құралдардың кеңінен қолданылуын қажет етеді әрі білім мен техниканың даму деңгейі әрбір адамда сапалы және терең білім мен кәсіби іскерліктің болуын, жастардың белсенді, шығармашылықпен жұмыс істеуін және кеңінен ойлауға қабілетті болуын талап етеді.
Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдердің пайда болуы ақпараттардың мазмұнын адамның түрлі сезім мүшелері арқылы және аудиториямен интерактивті өзара әрекетке түсу арқылы қабылдауды, түрлі техникалық құралдардың көмегімен іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Міне осыған байланысты оқулық, дәптермен салыстырғанда электрондық құралмен оқыту дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатады.
Әр түрлі зерттеулерге қарағанда дәстүрлі оқыту кезінде кез келген жақсы оқитын оқушы информатика заңдылықтарын тұжырымдайды, мысалдар келтіреді. Оқушылардың көпшілігі алған білімдерін практикада қолдана алады. Бұл оқушылардың оқу материалын формальды жағынан да жақсы білетінін көрсетеді. Кез келген сабақта электронды оқулықты пайдалану оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуге жағдай жасайды.
Электрондық оқулықпен оқытудың негізгі мақсаты: Оқыту үрдісін үздіксіз және толық деңгейде бақылау, сонымен қатар ақпараттық ізденіс қабілетін дамыту.
12 жылдық жалпы білім беру стандартындағы басты міндет – оқушылардың жеке және тұлғалық ерекшеліктерін жан-жақты дамыту және осы стандартта баланың игеруге тиісті негізгі құзыреттіліктерінің бірі – ақпараттық құзыреттілік. Білім беру бағдарламаларына сәйкес барлық білім беру мекемелері қазірде электронды оқу басылымдарымен қамтылған. Біздің де колледж студенттері мен оқытушыларының бастауыш сыныптың жетекші пәндері үшін дайындаған электронды оқу бағдарламалары бастауыш сынып оқушыларының ақпараттық-қабылдау ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған, диагностикалық әдістері оқушылардың дербес және жас ерекшеліктеріне сай дайындалған.
6 жастағы оқушылардың жеке ерекшеліктерінің ішінде қабылдау ерекше орынға ие. Қабылдау- заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсерінің тұтас көрінісі. Қабылдаудың нәтижесінде баланың зейіні, есі, қиялы, ойы мен эмоциясы қалыптасады. Бала қабылдаған ақпаратты көзбен көріп, естіп, қимыл-қозғалыс арқылы жүзеге асырғанда ғана ұзақ есте сақтайды. Мысалы, колледж студенті дайындаған 12 жылдық мектептің бастауыш 1-2-3 сынып оқушылары үшін жасалған Бейнелеу өнері оқулығының ерекшелігі – мұнда әрбір сыныпта деңгейіне қарай теория мен тапсырмалар бере отырып, алдымен қабылдаудың визуалды (көзге көрінетін ) түрі- көзбен қабылдау орындалған. Яғни бала көзбен қабылдай отырып, өз назарын заттардың пішіні, көлемі, өлшемі, түсі сияқты қоршаған дүние шындықтары мен ерекшеліктеріне жинақтайды. Сонымен қатар көріп қана қоймай есту арқылы да ақпаратты қабылдау, яғни қабылдаудың аудиоалды типі де қолданып, баланың дыбыстың сипатына, тілдік ерекшеліктерге, сұхбаттасушының дауысына назар аударатындығын ескерген. Соңында сезім рецепторларынан келіп түсетін эмоциялық райды, ақпаратты талдауы үшін жауапты болатын қабылдаудың кинестетикалық типі орындалады. Осындай визуалдық, аудиоалдық, кинестетикалық тәсілдер арқылы оқушылардың ақпаратты көзбен көріп, құлақпен естіп, сол арқылы қимыл қозғалыспен қабылдау ерекшеліктерін дамыту мақсатында жасалған көптеген электронды оқу бағдарламаларын мысалға келтіруге болады: бастауыш сынып оқушыларында алғашқы геометриялық ұғымдарды қалыптастыру мақсатында жасалған «Геометрия» электронды тапсырмалар бағдарламасы, «Әліппе» электронды оқулығы, қазақ тілі пәні бойынша «Әсетке әжесін күтіп алуға көмектес», «Қоршаған ортамен танысу», «Математика», «Дүниетану» т.б. жүзге жуық электронды бағдарламалар жасалған.

Сурет 1. Бастауыш сыныпқа арнылған электронды оқулықтар
Осы секілді электронды бағдарламалармен оқыту жылдам оқи және жаза алмайтын оқушылар үшін суреттеме, бейнелер арқылы көрсетіліп түсіндіріледі, сабақты қызықты жүргізуге және оларды сабақтан жалықтырып алмауға мүмкіндік алады. Осы мақсатта сонымен қатар сабақ ортасында сергіту сәттерін қоса оқыту әдістері өте тиімді ұйымдастырылуы тиіс.
Бастауыш сыныптарға арналған бұл бағдарламаларда оқушылар компьютермен танысып, өзара қатынаста болады, компьютер көмегімен әріп, буын, сөздер мен шағын әңгімелерді баспалап, қарапайым арифметикалық есептерді шығарады, сурет сала біледі. Сонымен қатар өз бетімен өлең, әңгіме құрастыруды, өз бетінше жұмыс жасауды, жылдам ойлауды, шығармашылықпен айналысуды үйренеді.
Осындай оқыту әдістерін пайдаланғанда информатика пәнінің басқа пәндермен пәнаралық байланысының тығыздығы көрінеді. Сонымен қатар бастауыш мектеп кезеңіне тән физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерін, әрі ойлау қабілеттерін дамыту компьютердің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Осы бағдарламаларды пайдалануда оқушылардың жеңіл орындайтын тапсырмалары:
– математика сабағында қарапайым арифметикалық амалдарды, геометриялық ұғымдарға қатысты амалдарды орындайды;
– ана тілі сабағында мәтіндік редактордың көмегімен тақпақтар, құттықтаулар, өлеңдер т.б жазу арқылы өздерінің тіл байлығын, сауаттылығын, шығармашылық қабілетін арттырып, ойын тиянақты жеткізе алуға, еркін сөйлей білуге үйренеді;
– бейнелеу өнері, дүниетану сабағында тышқан манипуляторымен жұмыс істеуді ғана үйреніп қоймай, бейнелеу өнерінде пайдаланылатын саймандармен (қарындаш, қылқалам, өшіргіш, бояғыш, фигуралар т.б) жұмыс істеуге дағдыланады.
Сонымен қатар басқа да әр түрлі пәндер бойынша (әліппе, орыс тілі, ән-күй т.б) да компьютерді пайдалануда оқытудың сапасы, оқушылардың ой-өрісі, дүниетанымы, компьютерлік сауаттылығы және білімге құштарлығы артатыны сөзсіз.
Қорыта келгенде, заман ағымына қарай сабақты жаңа педтехнологияларға негіздеп, ақпараттық техникалық құралдармен тығыз байланыста ұйымдастыру оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне көптеген жағдай жасайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С.Т.Мұхамеджанова. «Ақпараттық мәдениет негіздері». Оқу-әдістемелік кешені
2. С.Т.Мұхамеджанова. «Мектептегі информатиканы оқыту әдістемесі»
3. К.Халықова. «Информатиканы оқыту әдістемесі»

Check Also

Аудандық олимпиада. ІІ-тур. 2016-2017 оқу жылы.

D есебі 5 бүтін сандар берілген. Осы сандардың арасынан төртеуін таңдағандағы қосындының ең үлкен жəне …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.