Өткен жылдар жемісі. Тәуелсіз Қазақстаның тарихи кезеңдері (ТС материалдары).

nazsadirova00-150x150

Садирова Назира К. Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы білім бөлімінің әдіскері.

1990- 25 қазанда Қазақстан Егемендігі туралы Декларация қабылданды.
1991-Республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты республикамыздың Президенті етіп сайлайды.
16-желтоқсанда Қазақстан республикасы жоғарғы сессиясы «Тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет»-деп жариялады.
1992-қазан айында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғады
4-маусымда Президент Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалауы, елтаңбасы, әнұраны туралы Қазақстан Республикасы заңдарына қол қойды.
Қазақстан Республикасы БҰҰ мүшелігіне қабылданды.
Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы.
29-қыркүйек-Алматыда дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайының ашылуы.
1993- 15 қарашада төл теңгеміз дүниеге келді.
1994- 30 маусымда қазақ халқының екінші қыраны-ғарышкер Талғат Мұсабаев аспан көгіне алты айлық сапарға аттанды.
1995- 28 қаңтарда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш «Ата заңы» қабылданды ақыл ойдың данышпаны, қазақ халқының дана ақыны-Абай Құнанбайұлы 150 жасқа толды.
1996- Алматының орталық алаңында «Тәуелсіздік» ескерткіші ашылды.
1997- «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы болып белгіленді.
1998- «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы болды. маусым- Елордамыз Астана қаласына көшірілді.
1999– «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы болып белгіленді.
2000– «Мәдениетті қолдау» жылы болды. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде тойланды.
2001– Тәуелсіз еліміз 10 жасқа толды.
2002- «Денсаулық» жылы болды.
8 тамыз – Елімізде «Балалар құқығы туралы» Заң қабылданды
2003- Ресейдегі Қазақстан жылы.
2004- Қазақстандағы Ресей жылы.
2003-2005– Ауыл жылдары.

Қосымша 1

Отан
Бақытты боп жүргенім
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің –тірегім,
Құшағында гүл атам.
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
Сенен бақыт тарайды
Баршамызға Ұлы Отан.
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын
Жүрегімсің сен, Отан!

Ту
Күнді құшқан қас қыран,
Аясында қалқыған
Аспан түсті туым бар
Көк теңіздей шалқыған.
Көкірек жауар шымқай өң,
Көрген жерден елітер,
Көркем өрнек, кең көңіл
Көл пейілге кенелтер.
Тәжім етіп бас иер,
Туы елімнің егемен.
Тұтастығым куәсі
Туғандай бір енеден.
Елдігімді әлемге
Паш ететін байрағым,
Тұнық менің көгімдей
Әуемде мәңгі жайнаған! Б.Бәмішұлы

Елтаңба
Дүние әлем көзіндей,
Дөңгеленген жамалы.
Еге елімнің қорғаны-
Кереге қанат қамалы.
Көгілдір көктің жүзінде
Шаңырақ-күн, уық-нұр.
Мәңгі сенбес күйінде,
Маңдайдан жұлдыз туып тұр.
Қуат отын қоздырған
Қос қанатты пыпағым.
Хас тұғырға қондырған
«Қазақстан» -Ұраным.
Тұлғасында түзілген
Ыстық қаным, діл, арым.
Төріме іліп,
Төсіме
Тағып жүрер Тұмарым!

Әнұран
Қаһарман қажыр, қайратым,
Шайлықпас текті айбатым.
Арман, абырой, толғаныс-
Айтылатын ар, затым.
Жұртымның мұң, мұратын
Құлқыма құйып тұратын
Сіңірген тұла бойыма,
Тәңірлік күштің қуатын.
Жан дауысы халқымның
Шабыттана шырқалар.
Киелі сөз, сазды әуен
Шырқағанда, нұр тамар.
Беріле тыңдап,
Егіле
Жанып тұрар мың жанар.

Қазақ елі
Біз қазақ еліміз бастан не көрмеген.
Намысын ешкімге қолынан бермеген.

Тұс –тұстан анталап, көз сүзген жаулардан
Кең байтақ даласын қас қақпай қорғаған.
Төрінде жерімнің байрағым желбіреп,
Тұп –тұнық аспаным тұрады мөлдіреп.

Қазақтың тілері ата жол салтымен
Достасу, туысу әр елдің халқымен.
Қонақжай халықпыз, жомартпыз, дарханбыз,
Келешек күндерге тәтті үміт артқанбыз.

Таныған жұмыр жер Алаштың баласын,
Қазақтың елі мен даңқты даласын.

Шаймерген Әлдибекұлы
ҮШ БАҚЫТЫМ

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
                                                 Мұқағали Мақатаев

ЖАН  ДАЛА  – ЖӘННАТ  ДАЛА
Өзіңсің , Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Гүл дала – Қазақстаным.

Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,
Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.
Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан
Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.
Ән дала – Қазақстаным.

Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз ағыстарын.
Қалай ақын болмайын, мен түгілі
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.
Қырандар қанатында даңқы кеткен,
Дән дала – Қазақстаным.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан  асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан дала – Қазақстаным.

Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.
Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,
Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.
Кең дала – Қазақстаным.

Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,
Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.
Халқым маған сенеді әлсіз демей,
Үйткені мен, туған жер, саған сенемін.
Жасай бер, Қазақстаным.
                                                Күләш Ахметова

ТУҒАН  ЕЛІМ
Менде сөйлер сөз болса –
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса –
Өзің берген көзің ғой!

Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!

Толқығанда сезім –ой,
Әппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой –
Арқа сүйер тірегім!

Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма –шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!

Туған елім – гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін –
Лүпілдеген жүрегім!
                              Бәкір Тәжібаев
ЕЛ
(Тоқсан ауыз сөз)
Қайтесің , дос, тамағыңды құр кенеп!
Қиналғанда
Жолдас емес,
Жыр керек.
Сөздің бәрі құдіретті,
Әйтсе де
ЕЛ деген бар,
Оның орны бір бөлек!

Сөз дейміз ғой,
Өз сөзіме иемін.
Осы сөзден сауыт тоқып киемін.
ЖЕР дегенде
Туған ауыл шетінде
Топырағын жатып алып сүйемін.

Мен – домбыра,
Сөзден жонған тиегім.
Ой дегенің осы сөздің жиені.
ЕР дегенде
Атып тұрып орнымнан,
Кішірейіп,
Ақ басымды иемін!

Тектен –текке жазылған жоқ осы өлең!
Өлең – қымыз беру емес кесемен.
АНА десе,
Бүктеуімнен жазылып,
Жолына оның кілем болып төселем!

Бағасы бар,
Орыны бар әр айдың.
Мен әр айға үмітпенен қараймын
БАТЫР десе,
Зиратының басына
Құлпытас боп тұруға  ұзақ жараймын!

Шаттық емес,
Жаныңды жер уайыммын.
Бүйіріңе балта тиген қайыңмын.
АҚЫН десе,
Нөкері боп дарынның
Шашбауын, дос, көтеруге жараймын.

О, Ағайын, ажыраспа!
Ұйысқан!
Тымық,
Тынық тірлігі бол мүйістің!
КӨСЕМ десе,
Тосып мына кеудемді,
Оққағары болуға оның тиіспін!

Қайтесің ,дос, тамағыңды құр кенеп!
Қиналғанда
Жолдас емес,
Жыр керек.
Сөздің бәрі құдіретті,
Әйтсе де
ЕЛ деген бар,
Оның орны бір бөлек!

Сайран далам!
Қайран далам – кенішім!
Қақпақылдай қаға аласың мені шын.
Кемеңгердің
Даналардың өзі де
Көп ұлының бірі ғана Ел үшін!
                                                       Қадыр Мырза Әли

ТӘУЕЛСІЗДІК – ҚҰРДАСЫМ!…
Тарих –кесіп кіндігін,
Халық – ашқан түндігін:
ТӘУЕЛСІЗДІК-
Құрдасым,
Біз – төліміз бір күннің….

Жалғап нұрлы жолды алға,
Болам елге қорған да:
Еркіндікпен –
Егізбін,
Он жастамын,
Ол да – онда!…

Атам менің желпініп:
«Ер жігіттің – серті нық!…
Құрдасыңа сай болып,
Көрсет, – дейді, – өр қылық!…»

Биік болса мақсатты ой,
Құрдас… деген жақсы –ақ қой!
Асып –тасып кей –кейде,
Кеткім келер бастап той!…

Асқақтату ізгі әнді,
Өрлік дер ем бұл дағы:
Өйткені өмір – Ұлы той,
Тарқамайтын думанды…

Бойкүйездік жат маған,
Елім еркін,
Шат заман!…
Мен: Әлемге –
ТӘУЕЛСІЗ,
ҚАЗАҚПЫН, – деп мақтанам!…
                                         Өтепберген Ақыпбекұлы

РЕСПУБЛИКА КҮНІМЕН, ЖАЙСАҢ ХАЛҚЫМ!
Рухынан жақсылардың нұр саулаған,
Жанымды мейірімі құрсаулаған.
Жайсаң өлке, жайдары Қазақстан,
Шуақ шашқан сәулелі күнсің маған!

Нұрына шомылдырып алтын күннің,
Республикам ертеңге талпындырдың.
Өзінен шабыт алып ақын қиял,
Шалықтап кең далада шалқып жүрмін.

Егемен елім десем, сенім кіріп,
Бойымды билеп кетер сенімділік.
Ешкімге ауыстырмас алтын Отан,
Жырлаймын қасиетіңді төгілдіріп.

Жақсылар жанын қиды қасіретпен,
Алаштың ерлері бар асыл өткен.
Арманым болмас еді-ау туған елім,
Гүл жайнап, қазақ болып тасып өтсем.

Өр Елім, маңдайыңнан жарық көрдім,
Бабалар өнегесін алып келдім.
Ескерткіш Елім үшін орнатпасам,
Мына жалған өмірге неғып келдім?

Жарқырап жанған күндей азаттығы,
Көрінер ұлтымның да ғажаптығы.
Республика күнімен құттықтаймын,
Өйткені ол – Ұлт күні, Қазақ күні!
                                              Ж. Ақылбайұлы

Отан- сенің, ата-анаң,
Отан- досың, бауырың.
Отан- өлкең, астанаң,
Отан- аудан, ауылың.

Отан- тарих, Отан- тіл,
Жасаған елің, ер халқың.
Отан- өлең, Отан- жыр,
Көтерген көкке ел даңқын…

Отан осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл.
«Отан» деп өс, жас қауым,
Оны ардақтап, сүйе біл.
Б. Ысқақов

ҚАЗАҒЫМ – ЕЛІМ

Талайлы тағдыр, тәнтімін саған,
Осындай Отан сыйладың маған.
Осында туып, осында өскен
Әулие әжем, баһадүр бабам.

Жәннаттан артық ғажабым менің –
Мәңгілік мақтан Қазағым – Елім.

Дариядай тасыр дәулетің ертең,
Шұғыладай жайнар сәулетің көркем….
Тебіренте жүрек терімді төгем,
Болардай ырза әулетің ертең!

Жәннаттан артық ғажабым менің –
Мәңгілік мақтан Қазағым – Елім!
                                                М. Әлімбай
 
Тілім – қазақ, тегім – түрік, ислам– дінім, иманым,
Ұлт едім мен ұлы едім, құл бол деп жат қинады….
Жоңғарға да, шүршітке де дес бермеп ем, орыстың,
Құшағына еніп кеттім, жел сөзіне иланып.

«Тілім – шұбар, тегім –күмән, имансызбын , дінсізбін,
Өз – өзімді алдарқаттым», – дедім, – елге мұңсызбын,
Халқымды да, салтымды да дайын болдым сатуға,
Жерім тозды, елім азды, күні осы ғой құнсыздың.

Өзегімде өкініш бар, баққа қалдым жарымай,
Өзімді  өзім сыртқа тептім, қасиетімді танымай.
Хан Абылай ұмыт қалды, Қабанбай мен Бөгенбай,
Отаршылға оқ боп тиген Кенесары , Ағыбай.

Төл тарихтан бейхабармын, айтуға оны арландым,
Ажыратпай ғасыр озды, ақиқат пен жалғанды,
Көзайым боп таптым қайта  Ахаң, Жахаң, Жүсіпбек,
Шер көңілді Шәкәрім мен ұлы ақын Мағжанды.

Кіл қаймағын қалқып алған, көк жасығын қалдырып,
Отызыншы жылғы ойраннан қауым қалды мәңгіріп.
Арманда өткен Бейімбеттің, Ілиястың, Сәкеннің,
Тым болмаса жатқан жерін табармыз деп жанды үміт.

Желтоқсанда еркіндігін мұрат тұтқан халықтың,
Жалын жастар, ерлік жолы жалғасқанын таныттың.
Қайрат сынды қайраттанған бауырларым мәңгілік.
Рух көтеріп тұрып қалды тұғырында даңқтың.

Ж. Игіман                                                               

Check Also

ҰБТ – 2017 жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өтеді. Қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. ҰБТ– жоғары оқу …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.