Жанұядағы тәрбиенің ерекшеліктері

zekenrima00Зекенова Рима Арал қаласы № 220  орта  мектеп бастауыш  сынып  мұғалімі.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып ете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды өгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.

Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. негізгі кінәні кімнен іздейміз?!Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой.

Яғни,балаға туғаннан тән азығы – тамақ қандай қажет болса,жан  азығы – жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.Ал оның қажетін қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны белгілі жәйт.

Данышпан Абай атамыз қазақ баласының бойында: « Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болуы керек деп атап көрсеткендей, өмір сүрудің басты заңдылығы болса, осы үш асыл қасиетті шәкірттердің бойына сіңіре білу – тәрбиешінің міндеті екені даусыз. Яғни, «ыстық қайрат дегеніміз – спортқа баулу, нұрлы ақыл дегеніміз – санасына білім нәрін құя білу, ал жылы жүрек дегеніміз – эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру» – деп түсінемін.

Ұлттың болашағы –ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі –ұстаз қолында. Ал, ұстаз мұраты – жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Тәрбие беру – өзгермелі өмір талабына жауап беруі тиіс. Бұған қоғамдық өмірге дербес шешім қабылдап, ойды саналы түрде түсінуге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелемейінше қол жеткізу мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат баласының асыл мұраты. Үшінші мыңжылдықта жастар қандай болуы керек?– деген жанды сұрақ әрбір саналы адамды ойландыратыны сөзсіз. Сондықтан да Елбасымыз Н. Назарбаев халқымыздың алдында: “XXI ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан –жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керек”– деп жауапты міндет қойып отыр. Бұл бүкіл адамзатты ойландыратыны анық жағдай.. Адамның адам болып қалыптасуында ата – аналармен қатар сынып жетекшілердің ықпалы зор. Яғни тәрбие жүйесіне жүктелер жүк те жеңіл емес. Қандай істі болсын бастау, оны өмірге ендіру оңай шаруа емес. Ұрпақ тәрбиесі– бұл болашақ тірегі, мемлекеттік маңызды іс. Тәрбие жолы қиын жол.

Өмірді өрнектейтін адам ұстаз шәкірт алдындағы парызын ешуақытта ұмытпайды. Мүлт кетсе-үлкен қателік жіберіп алатынын біледі. Ал тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес. Сондықтан әр ұстаз жалықпай ізденеді, білім беруді, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді абыройлы міндеті, айбынды мақсаты деп біледі. Сынып жетекшісі тәрбие жұмысының мақсатын саналы түсініп, оны жан-жақты талдап отыруға міндетті. Сынып жетекшінің тәрбие қызметіндегі мақсаты: білім алушы тұлғасының өзін-өзі дамыту мен іс жүзінде көрсетуі үшін жағдай жасау.

Әрине, қазіргі балаларды бұрынғылармен салыстыруға болмайды. Ертеректе балалармен жұмыс жасау бүгінгіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, айтқаныңды екі етпейтін. Қазіргі балаларымыз бір үйдің еркесі, бір үйдің жалғызы дегендей… Оларды тек «алдап» көндірмесең ештеңе істете алмайсың. Оның үстіне бұл тек мектептің  ғана емес, үйдегі тәрбиеге де байланысты. Сондықтан біз, көбінесе, балалардың ата-аналарымен кеңесіп, бірлесіп жұмыс істейміз. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе – қазіргі балалар уақытын пайдалы істерге жұмсамай, компьютердің алдында өткізеді. Ол баланы еңбек етуден алыстатып, ойлау қабілетін төмендететіні сөзсіз.Сондықтан «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге»нақыл сөздердің құндылығымен тәрбиелеуге жетелейміз.

Халықтық педагогика – қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынастарындағы ең қымбат қазына дейтін болсақ, оқушыларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін үйрету, оны оқушы ойына ұялату арқылы ізгілікке, адамгершілікке, ұлтжандылыққа, өз салт-дәстүрін құрмет тұтуға баулу – ұстаздардың басты мәселесі.

Бүгін де өзгелермен тереземіз теңесіп, өркениетті елдер қатарынан көрініп келе жатқан біз үшін ұлттық дәстүрімізді терең меңгеріп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу өте қажет деп білемін.

Check Also

Электрондық күнделікті пайдалану туралы

Электрондық күнделікті пайдалану туралы тамаша бейнесабақ.  Өскембаева Кенже ханымның тамаша бейнесабақтары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.