Абыз атанған Әлмерек ата

Қазақтың қазыналы тарихында, бай шежіресінде халқымыздың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан дарынды тұлғалар көптеп саналады. Іргемізді бекітіп, етек-жеңімізді жинағалы бері тарихта болған ірі тұлғаларды бүгінгі ұрпақпен таныстыру жолға қойылған. Ал сондай тұлғалардың біразы әлі де болса көпке беймәлім. Соның бірі – Жаншықұлы Әлмерек бабамыз. Армысыздар! «Тарих таразысының» бүгінгі санында дарынды қолбасшы, ер жүрек батыр, көпке көмегі тиген әулие, абыз атанған Әлмерек ата мен оның ұрпақтары жайында сөз қозғайтын боламыз. 

Ғасырға жуық өмір сүріп, оның басым бөлігін ел қорғауға арнаған айбынды батыр, әділ шешім айта білген би – Әлмерек абыз өмірі Әз Тәуке хан дәуірінен басталып, Абылай хан билік айтқан уақытпен қабысып жатыр. Жігерін намысқа жаныған, қарына қару ілген білекті батырлар заманында қазақ халқының басына түскен ауыртпалық аз болмады. Жоңғар басқыншыларының зобалаңы тұсында елі үшін суырылып алға шыққан Әлмерек Жаншықұлының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі, тұлғасы тәлім болары анық. Тұғырлы тұлғаны тану араға үш ғасыр салып қолға алынып отыр.

ОРАЗ ҚАУҒАБАЙ, ЖАЗУШЫ:
-Әлмерек Әз Тәукенің тұсында Албан руының бас биі болған. Ол кісінің билік кесімдері, шешімдері бар. Бірақ олардың көбі ауыз екі тілде айтылады. Қағазға түспеген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Шонжы деген қалмақтың атақты қолбасы болған. Сонымен мына Боралдайдан бастап ұзақ жекпе-жек болады. Қазіргі Шонжы жерінде оны өлтіреді. Сол қалмақтың өлген жерін кейін Шонжы атады. Бұл Қытай деректерінде кездеседі.

САЙЛАУБАЙ АҒЫБАЕВ, ӨЛКЕТАНУШЫ:
-Осы Жетісу өңірі, Жетісу тарихына қарасақ, Әлмерек, Райымбек сияқты саусақпен санарлық 10-15 батырды ғана шығарып бере аламыз. Ал жыл-жылымен есептесек, қалған батырлар қайда деген заңды сұрақ туады. Өзім Әлмеректің ұрпағы болғаннан кейін, оның шешендігіне, батырлығына, көріпкелдігіне ешкім дау тудырмайды. Оның тарихта белгілі тұлға екені, тарихи құжаттарда есімі айтылып жатқаны белгілі.

Әлмерек абыздың тағылымды өміріне зерделеп көз жүгіртсек: ел қорғаны бола білген батыр ретінде ерліктің небір тамаша үлгілерін көрсеткендігін білеміз. Алауыз қазақ сұлтандарының бәтуасыз тіршілігінен қазақ халқы жоңғар басқыншыларына есе жіберіп, жеңілген кездері де жетерлік. Ал Әлмерек би халық көсемі ретінде озық ойлап, ел бірлігін ту еткендігін мына бір ой-тұжырымынан байқаймыз. «Қазақтың үш баласы ошақтың үш тірек бұтындай, бір шеңберге тұтасып тұрса еш жау алмас» – дейді ол. Бұл қазақтың үш жүзі біртұтас ел болып, біріге бастаған кезінде, ынтымақтың ел тағдырын шешер уақытында айтылған аталы сөз. Ақырып келген қалмақтың талай батырын өз қанына тұншықтырғаны ел аузындағы әңгімелерде көп айтылады. Жекпе-жектің ешқайсысында жеңілмей, жауын жер жастандырған батырлықтың керемет үлгісі емес пе?

РАУАН АРИПОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ӘЛМЕРЕКТІҢ ҰРПАҒЫ:
-Әлмерек бір жағы батыр, бір жағы әулие, көріпкел адам болған. Оның батырлығы сол, мынау қалмақтармен соғысқан кезде Шелек, Сөгеті деген жерлерде соғысады Әлмерек. Мынау Шелектің аты Әлмеректің атауымен аталған екен. Аяққалқан деген де Әлмеректің аты.

ОРАЗ ҚАУҒАБАЙ, ЖАЗУШЫ:
-Жекпе-жекте оң қолына найза, сол қолына шоқпар алады екен. Шайқас барысында оң қол көп жұмыс істейтіні белгілі. Ал Әлмеректің сол қолы да оң қолдың қызметін атқарған. Міне, оның батырлығы жайында ел аузндағы аңыздың бірі.

Сол заманнан бүгінге жетіп отырған ел аузындағы деректерге сүйенсек, Әлмерек абыз жиырмадан астам қазақ батырларына бата беріпті. Солардың ішінде Суанның Аралбайы, Қыстықтың Малай батыры, Өтеген батыр және жасы әлі жиырмаға тола қоймаған Қангелді немересі Райымбек болған еді. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дегендей, абыздың ақ батасы жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ халқының әділ ісінің ақ жолындай болды. Ел арасында сақталған аңыз-әңгімелер, әр жылдары баспа беттерінде жарық көрген мәліметтерге сүйенсек, Әлмеректің балалары туралы көрген түстері, балаларын сынауы, балаларына берген батасы және сол дәстүрдің ұрпақтарында жалғасын табуы қазақ даласында болған шындықты айқындайды. Көшпенді қазақ халқы үшін бұл ғайыптан келген құбылыс емес, жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Мәселен, Абылай ханның түсі және Абылай ханның ұлы Сыдықты сынауы, Қангелді батырдың балалары туралы түсі және оларды сынауы.
РАУАН АРИПОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ӘЛМЕРЕКТІҢ ҰРПАҒЫ:
-Әлмеректің 8 баласы болған. 8 баласының барлығына өзі бата берген. 0906 Ал енді осы айтқанының барлығы тура келеді. Құрман көп. Көптігі жағынан Албанның ішіндегі ерекше ата. Қабырға жетпес қара құрман деп атап кеткен. Сол не үшін айтылды? Сол көптігінен. Бұл кісіні батагөй деп айтады. Өйткені Райымбек 25 жасқа келгенде оған Әлмерек бата берген.

Асылдың сынығындай болған талай белгілі азаматтар Әлмерек атаның тектілік негізін жалғастырып, қазақ халқының дамуы мен өркендеуіне ұзақ жылдар қызмет етіп келеді. Атап айтсақ, есімі елге мәлім Саурық батыр, ұлт-азаттық күресте қол бастаған Ұзақ батыр абыздың ұрпағы. Белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаев, атақты археолог Карл Байпақов та осы атадан. Әлмеректің ұрпақтары қазіргі Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстанда күн кешіп жатыр. Әлмеректің Құрман деген баласынан тараған ұрпақтың өзі қазір 300 мыңға жуықтапты.

САЙЛАУБАЙ АҒЫБАЕВ, ӨЛКЕТАНУШЫ:
-Ерекше туғаны Құрман екен. Құрманды өзінің көзі тірісінде кіндік тірегім деген көрінеді. «Баба Құрман», «кіндік тірек Құрман» деп аталады. Оның көптігі сонша, батыр да би де көп шыққан. Құрманның ұрпақтарын саралай келгенде батыр ұрпақтары, би ұрпақтары, әулие, оқымысты ұрпақтары деп үшке бөлдім.

Бағдарлама барысында айтып өткен Әлмерек атадан тараған бес бала, соның үлкені Құрман. Албан руының ішіндегі Әлмеректен тарайтын ең көп ата да осы Құрман. Ел арасында «қабырға жетпес қалың құрман» деп те айтылады. Құрман атаның Алматы қаласы Шаңырақ-2 ықшам ауданында осы дөңнің басында сүйегі жатыр. Бұл жерге үлкен мемориалды кешен тұрғызу жоспарланған.

САЙЛАУБАЙ АҒЫБАЕВ, ӨЛКЕТАНУШЫ:
-Құрманның бейіті қалған. Сол бейітті ата-бабаның алдындағы ұрпақтық парызымыз ретінде, сол жерге кесене салу жолында жұмыс жасап жатырмыз. Кесененің жері заңдастырылған, бір жылдай болды жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатыр, Құрманды зерттеу біздің күн тәртібіміздегі мәселе.

2008 жылы аталған зерттеулер мен игілікті шараларды басты жоспары етіп бекіткен «Құрман баба» қоры құрылып, жұмыс жасап келеді. Алайда мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмай, жекелеген кәсіпкерлердің көмегіне сүйенген қор ауқымды әрекеттерге бара алмай отыр. Әлмерек ата мен Құрман баба жөнінде зерттеулер де жолға қойылмаған. Мерзімдік басылым бетінен ара-тұра жарық көрген жекелеген мақалалар ғана алып тұлғаны танытуға ұмтылуда. Қазақтың бай тарихы мен өнегелі өткен өмірінде ұрпаққа үлгі болар ұландар қанша көп болғанымен, олардың өмір тарихы мен ұлттық кеңістікте алар орынын бағамдау жағы мақтанарлық деңгейде емес.

ОРАЗ ҚАУҒАБАЙ, ЖАЗУШЫ:
-Әлмерек туралы белгілі тарихшылар әлі жазған жоқ. Мен тек жазушы ретінде жазып жүрмін. Тарих ғылыми айналымға кіру керек қой. Әлмерек туралы энциклопедияға кірді. Онда тек қысқаша өмірбаяны мен сол дәуірдің оқиғалары қамтылды.

САЙЛАУБАЙ АҒЫБАЕВ, ӨЛКЕТАНУШЫ:
-Өз уақытында Төлеу Қалпынбай ағамыз Әлмерек жөнінде, Құрман жөнінде жазды. Ораз Қауғабай жазды. Содан кейін, қазір ел тарихынан, жер тарихнан бұрыс кетпеген Сағатбек Медеубаев деген бауырымыз бар, ол да зерттеп жатыр. Жас тарихшы, шежіреші бар Дүйсенбай Сығай деген, ол да осындай зерттеулермен айналысып жатыр.

Жоғарыда айтып өткен Ораз Қауғабай ағамыз Әлмерекке қатысты бірнеше еңбектің авторы. 30 жылдай уақыт аңыз бен ақиқаттың арасын ажыратып жүрген жазушы. «Әлмерек» қоғамдық қоры құрылған уақытта да біршама зерттеулер қолға алынған. Елдімекендерге, көшелерге атын беру сәтті жүзеге асты. Оңды істердің бірі деп Алматы облысы Іле ауданындағы абыздың жатқан жерінде үлкен кешеннің ашылғанын айта кету орынды.

РАУАН АРИПОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ӘЛМЕРЕКТІҢ ҰРПАҒЫ:
-Мен Әлмерек қоғамының атқарушы директоры болып тұрған кезде көп жерге атын бердік. Іле ауданындағы Қарасек деген ауыл кейін Гагарин болған. Сол ауылға Әлмеректің атын бердік. Сол жердегі мектепке Әлмеректің атын бердік. Мына Талғарда бір көшеге атын бердік. Қысқасын айтқанда, Әлмеректің аты берілген жер көп. Ондай жұмыстар атқарылды.

2002 жылы қазан айында Әлмерек бабаның басына осынау үлкен кешен салынды. Әулиеге келген адамдар ас ішіп, демалатын, намаз оқып ғибадат жасайтын бөлмесі бар. Бұл кешеннің бой көтеруіне абыздың ұрпақтары, ел алдында жүрген ағалар ат салысты. Осылайша бұл үлкен мемориалды кешен бой көтеріп, ел игілігіне берілді.

Әлмерек атаның батырлығы да, би-шешендігі мен әулиелігі де ел аузындағы аңыз негізінде бүгінге жетіп отыр. Ал тарихтыы нақты ғылым деп есептейтініміз тағы бар. Осы орайда кәсіби тарихшылардың аталған тұлғаға деген көзқарасы қалай екен деген сауал да мазалады. Нақты жазба деректің бой көрсетпегені, расында тарихшыларымызға қол байлау болып отыр екен. Десе де, Қытай жазбаларында Әлмерек туралы мәліметтер кездесетіні белгілі болды. Тек, халық арасында насихат аз.

САЙЛАУБАЙ АҒЫБАЕВ, ӨЛКЕТАНУШЫ:
-Қазақстан тарихшылар қоғамының төрағасы Мәмбет Қойгелді ағамыз да, басқалардың да бұл тарихқа деген көзқарасы өте жақсы. Көп нәрсе ұмыт болған, көп зерттеуге мүмкіндік болмаған. Олар да қатты жұмыс жасап жатыр. Өйткені қазақ тарихын айналдырған 30 тарихшының мойнына іліп қою өте күрделі нәрсе. Біздің мұндай жұмыс істегеніміз оларға құба құп болады. Осы бағытта өздерінің ақыл-кеңестерін беріп отырады олар.

Ораз Қауғабай ағамызбен жолыққанда Әлмерек туралы біраз тың деректерімен бөлісті. Жуық арада баспадан шыққалы отырған еңбегінде де біршама қызықты мәліметтер оқырманға жол тарпақшы екен. Ораз аға ел аузында жүрген «Еділ-Жайық» махаббат хикаясы туралы әңгімесін айтып берді.

ОРАЗ ҚАУҒАБАЙ, ЖАЗУШЫ:
-Әлмеректің атын шығарған «Еділ-Жайық» махаббат хикаясы. Әлмерек 50-ге келгенде жас қызға үйленеді Жайық жақтан келген. Содан екі перзент сүйеді. Жас әйелінің өтініші бойынша, бір баланың атын Еділ, екіншісін Жайық деп қояды. Осы «Еділ-Жайық» хикаясына байланысты күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан дерек бар. Менің кітап жазудағы басты негізге алғаным осы болды. Әлмерекке қатысты жақсы бір дерек бар. Кезінде Әлмеректің үлкен қазаны болған, жорық қазаны. Жорыққа шыққанда өзімен бірге алып жүреді екен. Соның ошағы болған. Сол ошақ Кеген ауданында ұрпақтарыында әлі күнге сақталып отыр.

Әлмерек Жаншықұлының басында кешен ашылғанда ұрпақтары сол қазан-ошақты алып келіп, мұражай экспонаты ретінде қойған деседі. Биік қырдың үстінде орныласқан зәулім кешен әсемдігімен ерекшеленеді. Жайқалған гүлзарлар мен саялы ағаштар келген қонақтарға қуаныш сыйлайды. Мұнда келушілердің тәу етер маңызды орны емдік қасиеті бар бұлақ суы.

Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде Әлмерек Жаншықұлының батыр болған, талай жекпе-жекте жаудң батырларын жер жастандырғаны, қол бастағаны, ерекше қабілетке ие болғаны айтылады. Оның қартайған шағында билікке араласқаны да белгілі. Ел арасындағы дау-жанжалды шешіп, қажет болған жағдайда бата берген батагөйлігімен де есте қалған. Тіпті, қартайған шағында талай науқасқа ем жүргізіп, әулие, абыз атанған екен. Қартайып дүниеден өтер шағында қатты қиналыпты, мен дүниеден өтіп кетсем, мына науқастарды кім емдейді деп. Алланың құдіретімен осы аңғарда үш жерден бұлақ шығып, сол бұлақтың сулары әлі күнге дейін науқастарға шипа болып отыр. Бұл судың қасиеті мен ерекшелігін білгісі келген адамға химиялық құрамы мна маңдайшада көрсетілген.

Кешендегі бұлақтың сан үшеу. Олардың суының химиялық құрамы бірдей болғанымен емдік қасиеті бөлек екен. Бірінші бастаудың суы науқастың іш құрылысын пайдалы болса, екінші бұлақтың суы тері ауруларына шипа екен. Ал үшінші бұлаққа қан қысымы жоғары адамдар мойын бұрады екен. 1921 жылы Алматыда күн ысып, жауын жаумай қояды. Сонда қала мұсылмандары бас қосып, Әлмерек атаның басында тассаттық береді.

ОРАЗ ҚАУҒАБАЙ, ЖАЗУШЫ:
-Әлмерекке қатысты халық қазір көп біле бермейді. Енді біле бастады. Әлмеректі Дінмұхамед Қонаев пір тұтқан. Әлмерек туралы оның ұрпақтарына Кеген, Нарынқолға барғанда Димекең айтып отырады екен.

Ұзақ жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаев атамыз ұзақ сапарға шығарда Әлмеректің басына келіп құран оқиды екен. Ең алғаш 1921 жылы әкесі Меңліахмет ақсақалға еріп келіп, Әлмерек туралы білгенін естелігінде жазады. Өз әкесінің аузынан Әлмерек жайында, оның тарихы жайында көп естіген екен.

Демек, Әлмерек абызды жоқтаушы ұрпақ бар, тұлғасын насихаттар азаматтар бар артында. Райымбек батырды тұғырына қондырып, есімін бір ауданға беріп, атын ардақтап жатқан уақытта, батырдың батыр болуына жаратқанның уахиын жеткізіп, ақ батасын берген Әлмерек Жаншықұлы тасада қалғаны орынсыз болар. Артында қалған ұрпақтың ішінде талай дарын түлеп шыққан текті атаға тарихтағы өз орнын анықтап беру зерттеушілерге үлкен міндет.

Дереккөз: http://www.almatytv.kz/kz/programms/ly-dala-rkeniet/abyz-atan-an-lmerek-ata-.html


Темекіні қойғыңыз келсе. _____ Если хотите бросать курить
Тегін емдеу орталығы

 


Check Also

Әлмерек абыз әулетіндегі ұрпақ тәрбиелеу дәстүрі

Ғасырға жуық өмір сүріп, оның басым бөлігін ел қор­ғау­­ға арнаған айбынды батыр, әділ шешім айта …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.