Авторлық әдістеме: Бастауыш сыныптың қазақ тілі сабағында «Дамыта оқыту технологиясы» арқылы оқушылардың жалпы қабілетін дамыту тәжірибесінен»

ДАЙЫНДАҒАН: Мадибаева Динара Куандыковна

ШҚО  ЖАРМА АУДАНЫ  ҚЫЗЫЛАҒАШ ОРТА МЕКТЕБІ

Авторлық әдістеме

МАЗМҰНЫ

1. Түсінік хат…………………………………………………………………………………………
2. Оқушының коммуникатифтік – лингвистикалық қабілетін дамытуға арналған жаттығулар………………………………………………………………………..
3. Жаттығуларды сабақта қолдану үлгілері………………………………………….
4. «Дамыта оқыту технологиясы» бойынша сабақ үлгілері………………….
5. Әдебиеттер тізімі……………………………………………………………………………..

Түсінік хат

Соңғы кездерде педагогикалық технология жөнінде жиі сөз қозғалып жүр. Адамзат баласының өз ұрпағын оқыту, тәрбиелеудегі ең озық, тиімді, ізденістерін, тәжірибелерін жалғасытырып, тың жолдарын іздеу, классикалық педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту жалғаса бермек. «Педагогикалық технология» дегеніміз не? Педагог- ғалым Беспалько өзінің «Слагаемые педагогической технологии» деген еңбегінде былай дейді: «Оқу тәрбие процесінің алдын ала жүйелі түрде жоспарлануы және оның тәжірибеде жүзеге асуы – белгілі бір педагогикалық жүйенің тәжірибеде жүзеге асу жобасы». Педагогикалық технология оқыту мақсатына жетудің тиімді нақты жолдарын көрсетеді.

«ХХІ ғасырда білімі дамымаған елдің тығырыққа тірелері сөзсіз» – делінген Қазақстан халқына жолдауында президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 18 ақпан 2005 жылғы. Бұл мәселе жалпы білім беретін мектептерге байланысты айтылып тұрғандығы белгілі. Сол орта мектептен толық қанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген баладан, яғни, оқушыдан болашақта жақсы маман білімді адамзат шығары анық. Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімге қазіргі таңда талап өте үлкен болып отыр. Мұғалім өзінің инновациялық іс -әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, сол жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі пайдалану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруы қажет. Жалпы білім беретін мектептерде бүгін белең алып отырған кемшілік те жетерлік. Олар мына төмендегідей:
– білім сапасының төмендігі
– білім сапасына мемлекет тарапынан реформалар жүргізілгенімен, оқудың нәтижесінің болмауы
– оқушылардың өздігінен білім алу дағдысының болмауы.
– Сабаққа қызығуының төмендігі
– Оқушылардың және оқытушылардың бірлескен шығармашылық еңбегінің болмауы

Оқу-тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды ендірудің алғашқы шарты: мұғалімдердің иннновациялық іс-әрекетін қалыптастыру болып табылады. Жаңа педагогикалық технологияларды меңгерген әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алады.

Мұғалім алғаш жаңа педагогикалық технологияларды: оқып үйренеді, екнішіден, меңгереді, үшіншіден, жаңа педагогикалық технологияларды тәжірибеде қолданады, төртіншіден, оны дамытып, нәтижесін тексереді.

Жаңа педагогикалық технологиялар педагогика ғылымының жаңа саласы. Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Инновацияны «жаңалық», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «әдістеме», «жаңашылдық», ал инновациялық үрдісті «жаңа әдістеме құралы» деп атауға болады.

Қоғамның дарында адамдарға деген қажетін қанағаттандары талабы оқыту, білім беру жүйесінің алдына баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндетін қойып отыр.

Алдымыздағы межеленіп отырған 12 жылдық білім беру жоспарының ішіндегі бастауыш мектептегі оқыту жүйесі де басты назарда. Келешекте біздің қоғамымызда жеке тұлға қалыптастырудың негізгі міндеттерін бастауыш мектеп шешуі тиіс.

Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Қазіргі таңдағы мұғалім оқушы үшін « дайын» білім көзі болмай, керісінше кіші мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестірушісі бола білуі қажет. Қазіргі кезде ҚР-да 12 жылдық 1-2 сыныптарында оқулықтарымен оқу әдістемелік кешендер сынақтан өтуде. Кіші мектеп жасындағы оқушының негізгі ерекшелігі – білімді қазығушылықпен алуы. Бүгінгі таңда өмірде болып жатқан өзгерістерге байланысты қоғамның шығармашылық әрекетпен шығырмашыл тұлғаға мұқтаж екендігі дәлелденуде. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ұлттық мектептердің кеңінен ашылу түсуі – пән мұғалімдеріне күрделі міндетті жүктеп отыр. Бұрынғы догмалық әдістерден арылып, тиімді әдістемелік жолдарды қажетіне қарай пайдаланып отыру тәжірибеге айналып келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Заман ағысына сай технологияларды қолдану ауқымы, түрлері өзгеріп отырады. Бірақ ең бастысы технологияларды тиімді, жүйелді қолдану керек. Республикада оқыту мазмұны жаңартылып, жаңа буын оқулықтарының негізінде жасалған бағдарламалар бастауыш мектептің жаңа жүйеге көшуін, әрбір мұғалімнен жаңаша жұмыс істеуін, батыл шығармашалық ізденісін, оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыруды талап етеді. Сондықтан, мұғалім өз білімін жан-жақты жетілдіре отырып, оқушыны қызықтырып оқыту керек екенін айтқан. Ұлы неміс пегагогы А.А.Дистервег: «Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді» – деген. Республикамыздың білім беру жүйесінң ең басты мәселесі – қазақ мектебі түлегінің деңгейін халықаралық дәрежеге жуықтату. Ол үшін мектепке заман талабына сай мемлекеттік білім стандарын енгізу, соған сәйкес кәсіби шеберлігін дамыған кадрларымен қамтамасыз ету өркениетті ғылыми әдістемелік бағытқа ынталандыру, жаңа базистік оқу жоспары мен жаңа буын оқулықтарына көшу, орта білімді ақпараттандыру, т.с.с. білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды істер.

Дәстүрлі және дамытушы оқытуды салыстыру кестесі

Дәстүрлі педагогика Дамытушы педагогика
Мәні Білім, ептілік, дағдыны меңгерту Баланың өзін-өзі субъект ретінде өзгертуі
Мақсаты Білім, ептілік, дағдыны игерту Әрбір оқушыға оқып тану үрдісінің өзіндік өзгеретін субъектісі ретінде дамуға жағдай жасау, қасиет қабілеттерін дамыту
Дамытудың негізгі факторы Білім, ептілік, дағдының дәрежелері Соған қоса маңызды психикалық қызметтерін, ақыл-ой жұмысының тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу үрдісі
Мұғалімнің рөлі Дайын білімді түсіндіруші, бақылаушы, бағалаушы, тәртіпті қадағалаушы, білім насихатшысы Танымдық іс-әрекетті ұйымдастырушы, ұжымдық істердің ұйытқысы, кеңесшісі
Педагогтың негізгі талабы Мен сияқты істе Ойлап істе
Педагог қызметі Білім беру Адам «өсіруші»
Әрекеттестік стилі Авторитарлы Демократиялы
Мұғалім мен оқушының өзара қарым-қатынастық стилі Монологты (мұғалім жағынан)  Диалогты
Оқытудың басым әдісі Мәліметтілік Ізденісті- зерттеушілік
Сабақты ұйымдастыру формасы Фронтальды-топтық Жеке бастық, топтық
Мазмұнының негізі Адамның кейбір саладағы іс-әрекеттерін құрастырудың жалпылама ұстанымдарына сүйеніп, анықталған мәселелерді шешудің дайын әдістері Дамыту үрдісіндегі оқушылардың игеретін іс-әрекеттерді қалыптастыру  ұстанымдарын анықтайтын ғылыми түсініктер
Әдіс-тәсілдері Көрсету – түсіндіру-жаттықтыру-бақылау-бағалау Оқу мақсаттарының қойылуы, ізденушілік-зерттеушілік әрекет, табылған шешімді дәлелдеу, шешімді тексеру
Әрекеттестік түрі Басқарушы мен бағынушы Іскерлік-серіктестік, ынтымақтастық
Әрекеттестіктегі қызметтер Мұғалім-жетектеуші, оқушы-орындаушы Қызметтер бөлінбейді, бірлескен ізденіс
Педагогтың материалды түсіндіруге кеткен  уақыты мен салыстырғандағы оқушының өздік жұмысының уақыты өте аз салыстырмалы
Оқушы позициясы Қызығуы аз, пассивті Қызығу бар активті ынталы, шабытты
Оқуға деген мотив Эпизодты түрде әрқашан және мақсатты
Сабақтағы жанға жайлы сәттер Кей кезде пайда болады Әрдайым және мақсатты бағытталған.

Оқушының коммуникативтік – лингвистикалық қабілетін дамытуға арналған жаттығуларды «Дамыта оқыту технологиясы» бойынша қолдану….

Қазақ тілі оқушыларға нәтижелі үйрету үшін оны оқыту әдістемесін жетілдіру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Себебі, оқушылардың берілген білімді саналы түрде ұғынуын, өмірге деген өзіндік көзқарасының дамуы, басқа ғылым негіздерін меңгеру нәтижелері ана тілінде сөйлеу деңгейіне байланысты. Сол себепті де оқыту процесінде жетістіктерге жету үшін оқушыларға ана тіліміздің қыр-сырын ауызша сөйлеу тілін де, жазу мәдениетін де ұғындыруымыз қажет. Сондықтан оқыту технологияларын оқу мазмұнына оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынаудың маңызы зор. Қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани азаматтылық, адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Ұстаз үшін ең негізгі мақсат – әр сабағын түсінікті, тартымды, тиімді өткізу. Оны жүзеге асырудың бір жолы – оқушыларға білім беру, тәрбиелеу барысында кеңінен қолданылып жүрген оқушылардың білім сапасын көтеруде жағдай жасайтын сабақты тиімді ұйымдастыруға, атап айтқанда сабақ уақытын ұтымды пайдалануға мұғалім мен оқушылардың ойлай қабілетін дамытуға көп көмегін тигізетін әдіс – диктанттарды қолдана білу. Мәселен оқушылардың білім сапасын жақсартуда, ой-өрісін кеңейтуде, алған білімдеріндегі кейбір олқылықтарды толықтырып, бұрын өткен материалдарды бір жүйеге түсіру үшін диктанттарды пайдалану өте тиімді.

Бастауыш сыныпты бітіріп, бесінші сыныпқа келгенде жазу жұмысында оқушылар көптеген қателер жібереді. Олардың көбі мәтіндегі жаңа ой басталатын жерде азат жолдан бастап жазуды білмейді. «Бас әріп, кіші әріп» түрі мен тұлғаларын сақтап жаза алмауынан, әріптің баспа түрі мен жазба түрін айқын білмеуінен болады. Әріптерді дыбыстағанда, оны дұрыс айтып үйренбейді.

Септік жалғауын дұрыс меңгермеген оқушылар қосарланып жазылатын дауыссыз дыбыстардың біреуін ғана жазады. Сөздерді буынға дұрыс бөле алмағандықтан кейбір оқушылар тасымалдан қате жібереді. Сонымен бірге басқа тілден енген термин сөздерді де жазуда жиі қателеседі. Айта берсек өте көп, осы айтылған қателерді жібермей сауатты жазу үшін, қандай жұмыстар жүргізген жөн.

Оқушыларды сауатты жазуға үйретуде түрлі жазба жұмыстардың, әсіресе диктанттың маңызы зор. Тек диктант түрлері грамматикалық ережелерді әр оқушының қалай меңгергенін және нелерді шала білетінін байқатады. Сондықтан диктант қай сыныпта болмасын, неғұрлым жиі алынса, оқушылардың сауаты соғұрлым табысты болмақ.

Диктанттар мына түрде болады: әріп, буын, сөз, сөздік, ескерту, шығармашылық, көру, өздік, суретті, терме, графикалық, есту, бақылау диктанттары.Мақсатына қарай оларды өткізудің де тәсілдері түрлі-түрлі.

Оқушыны қатесіз жазуға үйрету үшін мұғалім олардың жіберген қателерін дер кезінде көріп, онымен нақты, тиянақты жұмыс істеуі тиіс. Дұрыс сауатты жазуға төселдіру үлкен шеберлікті қажет етеді.

Оқушыларды сауатты жазуға «Әліппені» оқытудың алғашқы кездерінен үйрету керек, ол үшін графикалық диктант жүргізген жөн. Мақсатына қарай оларды өткізудің тәсілдері түрлі-түрлі. Графикалық диктантты сөйлемдегі сөздердің байланысын сызба арқылы көрсету, керісінше берілген сызба бойынша сөйлем құрау сияқты түрлі нұсқада жүргізуге болады. Сонымен, графикалық диктант уақытты аз алады, ауызша практикалық жолмен көп ережені түсіндіруге мүмкіндік береді.

Әріп диктанты бірінші сыныпта алғашқы әріптерді үйренгеннен кейін жүргізіледі. Ол дыбыс таңбасының баспа түрінен жазба түріне аударып жазуға үйрету дауысты дауыссыз дыбыстарды ажырата біруге дағдыландыру және көркем жазуын қалыптастыру үшін қолданылады. Мысалы, әріптер салынған қалта ішінен оқушы кез-келген әріпті алады, магнит тақтаға іледі, дауысты, дауыссызын ажыратады. Ол әріпті баспа түрінен жазба түріне айналдырып жазады. Әріп диктантын мына түрде де алуға болады.: мысалы: сырға (5), асқабақ (7), құс (3). 5,7,3.

Суретті диктант. Бұл диктантты түрлендіріп өткізуге болады. Мысалы, суреттегі заттың атын ататып, ондағы сөзде неше дыбыс болса, сонша тор көз сыздыру. Немесе суреттегі заттарды атап, дауысты дауыссыз дыбыстарды көк не қызыл дөңгелекпен белгілеу, суреттегі заттарды буынға бөлгізіп жаздыру. Айтып отырып жазу әдісін қолдану.

Сөздік диктанты. Әріп емлесін өту кезінде белгілі бір сөздердің жазылуын есте сақтау үшін пайдаланылады. Сөздік диктанты өтіліп отырған тақырыпқа байланысты жүргізіледі. Бұл диктант түрін күнде сабақ алдында жаздырып алуға болады. Мысалы, қарындаш, жүзім, көгершін, құлын т.б. Сөздік диктантын күрделендіріп алуға да болады. Бірнеше сөздер жаздырып, осы берілген сөздердің жұрнақ, жалғауын сызба арқылы ажыратып шығады. Бұл жерде сөздік диктанты графикалық диктантпен байланысып тұр.

Буын диктанты. Сауатты жазуға үйрету, қате жазуден сақтандыру, сөзді буындап оқуға оны жаттап алуға көмектесу, сөздерді тасымалдай білуге үйрету сияқты жұмыс түрлерін қамтиды. Аула (2), саңырауқұлақ (5), аққала(3).

Есту диктанты күз келді (2), күн суыта бастады (3), жапырақтар сарғайып жерге түсті (4).

Шығармашылық диктанты. Үйрету диктанттар ішінде мазмұн, құрылым, әдіс-тәсіл жағынан ең күрделісі оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын білім деңгейімен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерін арттыру көрсеткіші. Бұл диктанттың көп нүктенің орнына тиісті әріптерді қою, сөздерді дұрыс орналастыру арқылы сөйлем құрау, басы жазылған мәтінді аяқтау сияқты басқа диктанттарға ұқсамайтын өзгешеліктер болады. Мысалы:

1. Ауамен, біз, дем, аламыз.
2. Ауа, денсаулыққа, таза, пайдалы, өте.
3. Үйдің, таза, ауасын, әр уақытта, сақтаңдар
4. Жиі, терезені, тұрыңдар, ашып

Бұл жерде сөзді дұрыс орналастыру арқылы сөйлем құрап жазу керек.

Терме диктант. Бұл диктант түрі белгілі бір ережені оқушылардың қалай меңгергенін байқау үшін сабақ үстінде жүргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін оқыр алдында қандай ережеге көңіл аудару керек екендігін ескертеді. Оқушылар мәтінді дұрыс жазбай, мұғалім оқып тұрған мәтіннен әркім өзіне берілген тапсырмаға лайықты сөздермен сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп жазады. Мысалы, оқушыларды үш топқа бөліп деңгейлеп тапсырма беру.

І топ: заттың қимылын білдіретін сөздерді теріп жазу.
ІІ топ: тасымалдауға болмайтын сөздерді теріп жазу.
ІІІ топ: жіктелген сөздерді теріп жазу.

Өздік диктанты. Оқушылар өтілген материалдарға байланысты әріптер мен буындарды, сөзбен сөз тіркестерін және жекелеген сөйлемдер мен жаттап алған өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді естеріне түсіріп, ойлана отырып өз бетінше жазады. Диктанттың бұл түрінің өткенді қайталап, тіл ұстартуда маңызы зор. Мұғалім өздік диктантын қай күні болатынын, нені қайталап келу керектігін оқушыларға алдын-ала ескертіп қояды. Мысалы, көп нүктенің орнына қимылды білдіретін сөздерді жаздыру.

Көктем… Қар… Жер… Жаңбыр… Найзағай… Құстар туған жерге… Арықтарда су…

Көру диктанты немесе есте сақтау диктанты. Мұғалімдер тәжірибесінде өте пайдалы диктантқа үйрететін жұмыстардың ең бастысы болып есептеледі. Бұл диктант түрі оқушылардың көру, есту, есте сақтау, затты тану сияқты қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі. Көру диктанты үшін әріп, буын жеке сөздер мен сөз тіркестері және шағын мәтіндер, жұмбақтар, мақалдар жаттауға берілген өлеңдерді алуға болады. Диктант мәтіндері үзілісте тақтаға немесе үлкен қағазға жазылып қойылады. Оларды оқушылардың екі-үш рет оқып шығуына көріп жадында сақталуына 1-2 минут уақыт беріледі. Сондан кейін мұғалім оны жауып қояды. Оқушылар тақтадан мәтінді есіне түсіріп, дәптерге жазады.

Бақылау диктанты. Бұрын өтілген материалдарды оқушылар қандай дәрежеде меңгергенін және сауаттылық деңгейінің қандай екенінің анықтау мақсатымен жүргізіледі. Бұл диктант белгілі бір тарауды оқып бітіргеннен кейін өткізіледі. Ол төмендегіше жүргізіледі:

– диктант тақырыбы тақтаға жазылады да, алғашқы сөйлемнің бірінші сөзі жаңа жолдан басталатыны ескертіледі.
– Диктант мәтінінде кездесетін жазылуы қиын немесе ережелері өтілмеген сөздерді мұғалім үзілісте тақтаға жазып қояды.
– Диктант мәтінін мұғалім екі рет дауыстап оқып, жазылуы қиын сөздерді тақтадан қарап алуын ескертеді.
– Егер диктант мәтіні жеке сөздермен сөз тіркестерінен немесе байланысты сөздерден құралған болса, мұндай мәтіндердің әрбір сөзі мен сөйлемін мұғалім 3 рет қана қайталап оқиды. Мұғалім оқушылардың түгелдей жазып отырғанан қадағалап, ең баяу жазатын оқушы бітісімен келесі сөйлемді оқиды.
– Оқушылар түгел жазып болғаннан кейін мұғалім мәтінді бастан аяқ тағы бір рет оқиды. Осы кезде оқушылар өз жазғандарын мұғалімге ілесе отырып тексереді. Қатесі болса түзетеді.

Диктант жұмыстарының барлық түрін магнитофон арқылы да жүргізуге болады. Магнитофон арқылы жүргізілген диктантта оқушылардың зейіні еститін сөзге ғана аударылады.

Қазақ тілі нәтижелі өту үшін оның әдістемесін жетілдіре түсу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін маңызды мәселесі. Бастауыш сыныптарда оқушылардың жазбаша тілін дамытуда, сөздерді байланыстырып сөйлем құрастыруда алуан түрлі жазба жұмыстары әсіресе мазмұндама мен шығарма жазу үлкен жауапкершілікті, көп ізденуді, шеберлікті талап етеді.

Бірінші сыныпта мазмұндама мен шығарма жазуға төселдірудің үлкен мәні бар. Әдетте ата-аналар мен үлкендер арасында бірінші сыныпта мазмұндама шығарма жазудың мәніне түсінбеушілік те кездеседі. Байланыстырып жазу жұмысы кіші жастағы дидактикалық түсініктілік принципіне негізделіп жүргізіледі.

«Баланы – жастан» деген халық педагогикасында баланы жас кезінен бастап әдептілікке тәрбиелеуді мақұлдайды. Бүгінгі мектеп тәжірибесінде жас ұрпақты шығармашылық жазба жұмыстарға үйретудің аса жеңіл де тиімді әдістемелері аз емес.

Шығарма жазуға дайындық жұмыстарын бірінші сынып оқушылары оқу жылының екінші жарты жылында бастайды. Оқушылар шығарма жазғанға дейін мына дағдыларды игеруге тиіс:

Мысалы, бірінші сыныпта берілген суреттердің мазмұнына қарай жүйелі ойды білдіретін сөйлемде шағын шығарма әңгіме құрап айтуға және жазуға жаттықтыру. Оқушылар сурет мазмұнына байланысты сөйлемдер құрайды, шағын әңгіме жазып шығады. «Біздің сынып» тақырыбына шығарма жаздыру мұнда ешқандай сурет қолданылмайды. Бірақ ауызша әңгіме өткізіледі. Сұрақ-жауап арқылы сынып ішіндегі заттардың атын сұраймын. Оқушының жазған шығармасынан.

Біздің сынып

Біздің сыныпта парта, стол, орындық, тақта, есепшот бар. Сынып іші кең, жарық. Тақтаның үстіңгі жағында Ыбырай мен Абай атамыздың суреті ілулі тұр. Суреттің астында аталарымыздың өсиет сөздері жазылған. Сыныптағы парталар 3 қатар етіп қойылған. Мен үшінші қатардың екінші партасында отырамын. Біз күнде кезекшілік атқарамыз. Бүгін Нұрбол мен Мадина кезекші. Олар тақтаны тазалап сүртті. Сынып іші таза. Мен өз сыныбымды жақсы көремін.

2-сыныпта шығарма жазу жұмысы оқушылардың көрген-білгендері және сюжетті сурет бойынша жаздырудан басталып, бірте-бірте күрделене береді. Шығармадағы сөз сөйлем саны артады. Грамматикалық ережелерге көбірек көңіл бөлінеді.

Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Олар ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік сияқты қасиеттер. Бала өз ойын қорықпай сеніммен айта алатындай болу керек. Ол үшін Оның әрбір жауабы мұқият тыңдалып, дұрыс мақталып, қатесі еппен түзетіліп отырады. Оқушыға кішкентай бала деп қарамай оның пікірімен санасу, көзқарасын құрметтеу оның дамуына зор әсер етеді.

2-сыныпта оқушылармен мынадай жұмыс түрін жүргізуге болады. Оқушыларға сұрақ қойылады:

– Балалар «Күз» дегенде қандай көрініс көз алдарыңа елестейді? Сол күз көрінісін бейнелейтін мына бірнеше суреттерден іріктеп алуларыңды сұраймын. Балалар сонда күз деген сөздің құстардың ұшып бара жатқанын, күзгі жылы киімдерді, ағаштарға жапырақтардың сарғайып тұрғанын, жеміс-жидектердің піскені туралы суреттерді таңдап ілулері керек. Соңынан осы суреттерге қатар шығарма жазады.

Сыныптағы оқушылардың ұнатып ойнайтын ойындарының бірі – «Диалог-ертегі» Ойынның шарты: мұғалім не бір оқушы ойдан шығарып кез-келген әңгіме немесе ертегіні бастап кетеді. Ал қалған оқушылар бір-бір сөйлемнен әрі қарай жалғастырады. Мысалы, мұғалім былай бастайды: «Ертеде бір байдың еркетотай ұлы болыпты» 1-оқушы: «сол ұлы көгалда көбелек қуып жүріп адасып кетіпті»- десе 2-оқушы одан ары жалғастырады. Міне ертегі осылай жалғаса береді. Ең соңғы оқушы ертегіні ұтқыр шешіммен аяқтауы тиіс.

Тағы бір ойын түрін көрсете кетейін. Ойынның аты: «Сұрақ-жауапқа құрылған хат». Бұл ойынды италиян жазушысы Д.Ж.Родари ойлап тапқан. Ойынның шарты: 6 оқушыға 6 түрлі сұрақ беріледі. Сол сұрақтарға оқушылар жазбаша түрде жауап береді. Бірақ бұлар кез-келген сұрақтар емес. Белгілі бір қалыпқа түскен тұрақты сұрақтар.

1 сұрақ: «Кім?, не?» (яғни 1 оқушы зат есімнен болған кез-келген сөзді қағазға жазады).
2 сұрақ: «Қай жерде?» (яғни жатыс септігінде тұрған зат есімді екінші оқушы жалғайды).
3 сұрақ: «Не істеді?» (оны 3-оқушы жазады).
4 сұрақ «Ол не айтты?» (бұл сөйлем төл сөз түрінде берілуі қажет. Оны 4-оқушы орындайды).
5 сұрақ: «Адамдар не деді?» (Бұл сөйлемде төл сөзінде берілуі шарт. Ол 5-оқушының міндеті).
6 сұрақ: «Оқиға немен тынды?» (Бастауышы жоқ бір ақ сөйлем. Оны 6-оқушы орындайды).

Бір қызығы әр оқушы жолдастарына қандай сұрақ берілгенін білсе де, олардың қандай жауап жазғанын білмеуі тиіс. Әйтпесе ойын шарты бұзылады. Жаттығу аяқталғаннан кейін мұғалім әр оқушының жауабы біріктіріп, тұтас мәтін құрайды да балаларға оқып береді. Сол кезде әрі қызғылықты, әрі күлкілі оқиға шығуы мүмкін. Мысалы:

– Құмырсқа
– Қонақта
– Топырақ жеді
– Ол айтты: «Мен бақыттымын»
– Адамдар: «Ғұмырың ұзақ болсын», деді
– Құмырсқа жарылып өлді.

«Сұрақ-жауапқа құрылған хат» ойыны – өте тартымды ойын. Әсіресе сабақ үстінде жүргізсе оқушылар сергіп қалады, сабаққа деген зейіні арта түседі.

Тіл дамыту сабақтарында мәтінмен жұмыс кезінде мынадай тапсырмалар ыңғайлы:

1.Қате құрылған мәтінді, сөйлемдерді орын-орнына қойып, логикалық жүйелікті сақтап, қайта құрастырып жазу керек. Мысалы: Тышқан не айтарын білмейді де, жылды кім бұрын көрсе сол жыл басы болсын деп бір қулық ойлап табады. Ерте заманда хайуандар жыл басы болуға таласыпты. Өзі түйенің үстіне шығып, өркешіне мініп отырып алыпты. Олардың әрқайсысы адамға тигізетін пайдасын айтып, өздерін жыл басы болуға лайықпын деп дәлелдейді. Түйе бойына сеніп құр қалыпты. Сонан соң тышқан жылды бәрінен бұрын көріп, хабар беріп, жыл басы болыпты.

Бұл жерде балаларға әдейі сюжеті таныс ертегі беріліп отыр. Мұның себебі, оларға ертегіні қалай басталып қандай оқиға болатынын, соңы немен аяқталатынын білетіндіктен, сөйлемдерді орын-орнына қойып, жүйелі түрде жазып беру жеңіл болады.

2.Аяқталмаған мәтінді логикалық ойды бұзбай жалғастырып айту. Мысалы: Қоңырау соғылып, балалар үзіліске шықты. Келесі сабақ математика болатын. Мұғалім үйге қиын тапсырма берген еді. Сыныпта Мұраттан басқа ешкім қалған еді. Ол Айдостың отырған партасына барып, сөмкесін ақтара бастады.

Оқиғаны әр бала бірін-бірі қайталамауға тырысып, өз ойларымен аяқтауға қажет. Әңгіме соңынан Мұраттың іс-әрекетіне баға беріледі. Мұраттың орнынада сендер болсаңдар не істер деіңдер? Деген сұраққа оқушылар дәлме-дәл нақты жауап беріп жатты.

Енді 4-сыныпта өткен бір сабағыма тоқтала кетейін. Оқушыларға мынадай тапсырма берілді: Үміт таңертең тұрып, сырт киімін жамылып, далаға шықты. Күн суықтау, жер аппақ, ол айналасына қарап, не сезер еді? Бұл қай мезгіл? Ойланыңдар. Қолдарыңнан келгенше суреттеңдер. Оқушылар өз ойын жазбаша жеткізеді.

Шығарма жұмыстарын магнитофон арқылы жүргізуге болады. Магнитофон арқылы жүргізілген шығарма оқушыларды ізденгіштікке ұмтылдырады. Ой -өрісі, ұғымын кеңейтеді, байқампаздығын дамытады, құбылыстарды шынайы бағалай білуге үйретеді, және де оқушылардың толық фантазиялық еркіндігін қалыптастырады. Үнтаспадағы естіген дыбыстарына байланысты сөздерді тауып жазатын шығармаларын барынша әсерлі жеткізулеріне талап қою керек.

Сондай-ақ шығарма мен мазмұндамаға қойылатын әдістемелік талаптардың орындалуын мұқият бақылауға алу керек. Ол талаптардың негізгілері мынандай:

– берілген тақырыпты мазмұнын ашып көрсете білу, оқушы өзіне жинаған материалын берілген тақырыптағы негізгі ойды анықтайтындай етіп іріктеуі қажет.
– Шығарма ұсынылған материалдың идеялық мазмұнын белгілі бір ретпен жүйелі түрде баяндауға тиіс.
– Артық сөз, қыстырма сөз қолдану, бір сөзді бірнеше рет қайталануы сияқты кемшіліктерге жол бермеу шарасы жасалуға тиіс.
– Жазба жұмыстарының орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық қателерін оқушы мұқият қарап тексеріп шығуы тиіс.

Бастауыш сыныптарда оқушыларға мазмұндама, шығарма жаздыру барысында оқушылардың өз жазғандарын өздеріне тексерту, түзеттіру жұмыстары жүргізіледі. Оқушыларға өз жазғандарын сын көзбен қарап шығып, жазу барысында түрлі себептермен жіберген қателерін түзету керектігін түсіндіремін.

Оқушының коммуникативтік-лингвистикалық қабілетін дамытуға арналған жаттығулар.

Оқушының қабілетін деңгейін байқауға және ойлауын дамытуға арналған мұндай жаттығулардың орны ерекше. Сабақта тек тақырыпқа байланысты жаттығуларды ғана меңгертіп қана қоймай, сонымен қатар ойлауын арттыратын жаттығуларды пайдаланған жөн. Мұндай тапсырмаларды жаңа сабақты сыныптастарынан бұрын игеріп отырған дарынды балаларға да беру өте қолайлы. Ана тілі дұрыс жазу ережесі үшін ғана емес, сонымен бірге логикалық ойлауды дамыту үшін де қажет. Өйткені сөз дарындылығының өрістеуі ойлау логикасына байланысты. Өз заманында «Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны – логикалық сөйлеуді отандық тіл ұстазы дамытуға тиіс»,-деп көрсеткен болатын К.Д.Ушинский.

Барлық сөзі бірдей әріптен басталатын мақал-мәтел, нақыл сөздер жазу тапсырмасы:

1. Б…б…б… Білімді бәрін біледі
2. А…а…а… Ақымақтың аузы ашылар
3. Ж…ж…ж… Жақсылыққа жақсылық жаса
4. С…с…с… Сыпайы саспай сөйлейді
5. Ы…ы…ы… Ырыс ынтымақты ықыластан

Түсінік: Оқушы берілген жауаптан да басқа жауап беруі мүмкін. Ол оқушының логикалық ойлауына байланысты. Тек мағыналы ой түйіндесе болғаны. Оқушы берілген жауаптардан басқа да жауап беруі мүмкін, тек үшеуі де мәнді сөз болуы тиіс.

Сөз туынды шешу, артық сөзді алып таста.

1. я,м,а,у,и,ғ,а (Мағауия)
2. й,а,қ,ы,б,а,л (Ақылбай)
3. қ,ш,у,ы,а,н,т,а (анықтауыш)
4. о,й,а,д,а,ғ (одағай)
5. й,ө,е,м,с,л (сөйлем)

Түсінік: Оқушы берілген әріптерден әр қатар бойынша бір-бір сөз шығаруы тиіс ол сөздерден мағынасы бөлегін шығаруы тиіс. Яғни артығын алып тастау керек.

Буынды тап.

1. жұм…ша (бақ) жұмбақша
2. тыр…ша (нақ) тырнақша
3. дом…ра (бы) домбыра
4. қар…ғаш (лы) қарлығаш
5. жел…сан (тоқ) желтоқсан

Түсінік: Оқушы бір-бір сөз шығаруы тиіс ол сөздерден мағынасы бөлегін алып тастау керек.

Мағыналас сөздер.

Берілгені Жауабы

1. Батыр… тоқым ер
2. жылқы…есім ат
3. аспан…түс көк
4. әлем… зат дүние
5. бәйге… айтыс жары

Сөз тізбектерін жазу (ассоциация)

1. мектеп… парта, орындық, мұғалім
2. оқушы… дәптер, мектеп, кітап
3. Қазақ тілі… жаттығу, сөйлем, тыныс белгісі
4. теледидар… үй, диван, ата-ана
5. мұғалім… жаңа сабақ, жетекші, ақылшы

Түсінік: Оқушы берілген тапсырмаға қауымдасатын басқа да сөзде жазуы мүмкін, егер ол қауымдастыққа кіретін болса, берілген жауаптағыдай болу керек деген ұғым болмасын. Ол оқушыға, мұғалімге нұсқау ғана.

Көп жағдайда танымдық процесстердің өте маңызды мәселелерді, қиындықтарды ескермеу салдарынан таным дұрыс қалыптаспайды, ол тек сабаққа ғана емес, сонымен қатар танымдық іс-әрекетке де кедергісін тигізеді. Мысалы: Балалар үндемегенді қалайды, өзін енжар ұстайды және сабақ тапсырмаларын жиі орындамайды. Осы себептен баланың жаңа тақырыпты меңгеруі төмен болады ды балада қажетті білімді дұрыс меңгере алмайды. Соынмен қатар мектептегі оқу процесі ойдағыдай дәрежеде жүргізілмеген жағдайда мысалы, төменгі сынып оқушысы сабақтың мазмұнын жаттап алып бірақ мағынасына түсінбейтін болса, өз бетімен пікір айтып қорытынды жасай алмайды.

Бұл мәселе жөнінді В.В.Давыдов, В.Слободчиков, Г.А.Цукерман еңбектерінде «адам өзін өзгерту үшін оның білім алуы керек, ол біріншіден өзінің білімді меңгеру шегін білуі қажет, екіншідін, өз мүмкіндіктерінің шекараларына өте алуы қажет»-дейді.

Бастауыш мектеп оқушысы үшін дамытатын жаттығулардың кешенді орындауы олардың танымдық іс-әрекетінің барлық түрлерін қамтиды. Дамытатын танымдық жаттығулардың мақсаты: мектептегі оқытудың интеллектуалдық потенциалын көтеру, және әр сабақты оқушының танымдық құқықтарын меңгеруге бағыттау, тапсырманың шешу жолдарын талдау, тапсырманың орындалуына түрлі тәсілдер іздеу, өзінің шешімін құрбыларының жұмысымен салыстыру өзінің дәлелдеген шешімін үйрету болып табылады.

Грамматикалық алғашқы мағлұматтардың мазмұны ашылып, дамытуы жағы қарастырылады. Сонымен қатар оқушының оқып отырған пәнге қызығушылығын арттырып сабақты танымдық жаттығулар арқылы игеру мақсаты көзделеді.

Екінші сыныптың қазақ тілін оқыту бағдарламасындағы (тіл және сөйлеу) тақырыбы бойынша өтілген сабақты қорытындылау үшін «Сөйлемді толықтыр» танымдық жаттығу әдістемесін пайдаландық. Мұнда «ит үреді» сөз тіркесін қарастырып, сөйлемді күрделендіру қажет.

– қара ит үреді
– жерде қара ит үреді
– аспанға жердегі қара ит үреді

Жаттығуларды орындау барысында балалардың сөздік-мағыналық ойлаудағы бір сөйлемге шоғарландыра отырып ойлауына мүмкіндік жасайды.

«Сөйлем» тақырыбында өтілген сабақты қорытындылау үшін «Сөйлем ойла, тез ойла» әдістемелік жаттығуды пайдалану тиімді. Бір-біріне ешқандай қатысы жоқ кез-келген үш сөз беріледі. Оқушылар берілген уақыттың ішінде осы сөздерді қатыстыра отырып, сөйлем құраулары қажет. Мысалы:

– Аю, өзен, қарындаш
– Аю қарындашты өзенге ағызды
– Бала қарындашпен өзенге шомылып жатқан аюдың суретін салды.
– Аю қарындашпен өзеннің суретін салды.

Мұндай танымдық жаттығулардың негізінде мұғалімдердің сабақ өтудегі әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, іскерліктерін шыңдау және оқушыларға жаңа берілетін білімді саналы да терең беруде көмек көрсетуге бағытталады.

Бастауыш сынып оқушысының айтылған оқиғалардың қайсысы бұрын, қайсысы кейін болғандығын және оқиғалардың себептерін, нәтижелерін қорытындылап айту үшін мәтіннің басы, негізгі бөлігі, соңы деген бөлімдерін және әңгімелеу, сипаттау, пайымдау сияқты бөліктерге бөлінетінін түсіндіру үшін арнайы танымдық жаттығу әдістемелерін қолдандым.

«Әңгімеге ат қой» әдістемелік жаттығуында бір оқушы тақтаға қарап тұрады келесі оқушы мәтінді оқиды. Топқа теріс қарап тұрған оқушы әңгімені мұқият тыңдайды, оған ат қояды, сонымен қатар әңгіме екінші рет қайтадан оқылады. Мұнда бала әңгіменің басым, негізгі бөлімін, соңын өзінің есінде қалғаны бойынша анықтап көрсетіп әңгімелеп береді.

Жоғарыда келтірілген танымдық жаттығуларды орындау барысы ойын түрінде өткізіледі. Ол баладан сабақты дұрыс қорытындылап айту барысындағы сезімін сейілтеді. Сөйтіп балаға эмоционалды орта жағдайын тудыру арқылы оның өзін де бар мүмкіншіліктерін ашуға көмектесеміз. Ортаға шығарылған оқушының балаларға теріс қарап тұрып оның сөздік мағыналы ойлауының жүйелі болуына, жаңа сабақта айтылған мәтіннің бөлімдерін еске түсіруіне және де зейін тұрақтылығын дамыту арқылы берілген тапсырма шешімін дұрыс орындауына жағдай жасалады.

Қазақ психологы М.Мұқановтың пайымдауынша баланы оқуға итермелейтін күш негізінде мынандай екі түрлі түрткіден құралады бірінші – сыртқы түрткіден, бұл жағдайда бала өзгелерден сескенетіндігінен оқитын болады. Бала тікелей талпынбайды, жанама түрде өзгелердің оған қолданған шарасына өзін аман сақтап қалудың амалы деп түсінуі керек.

Екіншіден, оқуға іштей талпыну түрткісі дегеніміз – баланың өзінің ықыласы мен сан алуан құбылыстардың өзіне тән сырларын білуге ұмтылуынан білуге болады.

Біз зерттеу жұмыстарымыздан сыртқы түрткінің мағынасын өзгертіп, оқуға баланың қызығушылығын арттырып, оқушыдан «оқығым келеді», «мен тапсырма орындап көрейінші», «менің жауап бергім келеді» деген сияқты мотивтермен оның іштей оқуға талпынуына үйлестіріп оқытуды жөн көрдік.

Оқыту процесі барысында арнайы дамытушы жаттығулардың құрылуы танымдық іс-әрекеттің дамуына және мектептегі оқыту үрдісіне төменгі сынып оқушыларын дағдыландыру болып табылады.

Танымды жаттығулардың барысы мынандай өлшемдермен анықталады:

– интеллектуалдық деңгейі
– оқу ісі әрекеті субъектісінің қалыптасуының мазмұны
– іс-әрекетінің еркінділік деңгейі
– эммоционалдық орталық
– жеке-әлеуметтік даму деңгейі

Дамытатын танымдық жаттығуларға психологиялық талдау көрсеткіші арқылы ішкі теориялық іс-әрекет қатарының жалпы күші сыртқы практикалық іс-әрекетінің жеке құрылымдық элементері арқылы бір-біріне әсер етіп отыратындығы дәлелденді. Сонымен өнімді оқыту әдістемесінің негізінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамыту және оны ұйымдастырудың тиімді жолын табу мәселесі жатыр. Л.С.Выготский ойлауды белсендетуді «ойлауды ойлау ойламайды, адам ойлайды» мұндай екпінді бәрінен бұрын жеке оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін белсендете түсу қажеттігі аңғарылады. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларына дамытушы ойындар арқылы шығармашылық қабілетін қалыптастыруда олардың психикалық қабілеттерін ескере отырып тапсырмаларды жеңілдете беру керек. Сондан ғана оқушылардың бойында білімді сіңіруге деген түрткі қалыптсады. Осындай түрткілердің қалыптасуы балалардың сабақты қызыға тыңдауын тапсырмаларды құлшына орындауын туғызады. Тапсырмаларда берілген сөздердің мағыналарымен білдіретін ұғымы бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін сай болуы керек. А.А.Любленская, А.Н.Гвоздьев, К.Молдабек 1-сыныпқа барған оқушылар 3000-4000 сөз аралығында сөз біледі дейді, бірақ ол сөздердің барлығының мағыналарын оқушылар біле бермейді (М.Ермекбаев) сондықтан берілетін тапсырмалардағы сөздер оқулықтардағы сирек қолданылған сөздерді қамти берілуі тиіс. Бұның балалардың сөздік қорын молайтуға септігін тигізері даусыз. Сонымен «Қазақ тілі» сабағында дамытушы ойындарға қолданылатын сөздер әрі таныс, әрі түсінікті, әрі мағыналы болу керек.

Бастауыш сыныптарда дамытушы ойындарға берілетін тапсырмаларды жинақтағанда олардың оқушылардың шығармашылық қабілетін қалыптастыруға негізделуін ескерген жөн.

Дамытушы ойындарды оқушылар орындаған кезде олардың ойлау процесі аналитикалық-синтетикалық тұрғыдан іске асады. Баланың қабылдаған білімі «ішке» қарай өтіп, оны практиалық тұрғыдан басқа жағдайда сыртқа шығара алады. Мысалы: «Ғасыр» сөзін басқа сөзге айналдыру қажет деген тапсырма берілген. Анаграмма ойынында баланың ойлау процесі мынадай операцияларды өткізеді:

– «Ғасыр» сөзін оқып таниды.
– «Ғасыр» сөзінің мағынасын еске түсіреді
– «Ғасыр» сөзіндегі қандай дыбыстарды орын ауыстыру арқылы басқа сөзді туғызуға болатындығын анықтайды. Бұл операцияны орындаған кезде балалардың санасында дыбыстарға қатысты ережелер секе түсіріледі.

Осындай операцияларды орындау барысында оқушылардың ойлау және шығармашылық қабілеттері нығаяды, жетіледі. Дамытушы ойындар балаларды ойландырады, сол арқылы ойлау қабілетін дамытады.

Дамытушы ойындарды орындау барысында балалардың санасында аналитикалық, синтетикалық процестер жүреді де балаларды білімді игеріп оны басқа да правтикалық жағдайларда дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді. Нәтижеде балалардың бойында шығармашылық іс-әрекеттер қалыптасады. Сондықтан бастауыш сыныптарда дамытушы ойындарды қолдана отырып, олардың бойында шығармашылық қабілетті қалыптастыруға болады.

Бастауыш сыныптарда дамытушы ойындарды іріктеу барысында, тапсырмалар оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіруге негізделген болуы керек. Ойын баланы ойландыруға, өтілген материалда игерген білімін практикалық тұрғыдан қолданылуына ықпал етуге тиіс. Дамытушы ойындар оқушылардың өзі орындайтын жаттығуларға жатады. Оқушылар тапсырмаларды орындау барысында проблемалық ситуацияға кезігеді. Осы проблемалық ситуацияны дұрыс шешу үшін балалар ойлау операцияларын орындайды. Сөйтіп оқушылар проблемалық ситуацияларды орындау барысында ойланады. Проблемалық ситуация балаларды ойландыруға түрткі болады.

Тапсырмаларды оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру тұрғысынан іріктеу қажет. Баланың белсенділігі сабақта білімді игеруге, білімді сыртқа шығаруына негіз болады. Дамытушы ойындар балаларда күнделікті сабақта ерекше басқа жағдайда өтетіндіктен, балалардың сабаққа деген қызығушылығын оятады, әрі жалықтырмайды. Мұндай сабақтарда ойын түрінде игерілген білімдерінің бала бойында 75 пайызына дейін қалатындығы айтылып тұр. Сондықтан дамытушы ойындар қолданылып өтілген сабақтарда балалардың оқу белсенділігі артып, білімді игеруі жылдамдатылады.

«Дамыта оқыту технологиясы» бойынша сабақ үлгілері

Қазақ тілі 4-сынып

Сөйлем мүшелерін қайталау.

Мақсаты: Тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерден өткенді қайталау еске түсіру білімдерін пысықтау. Оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту, еркін сөйлеуге баулу, сауттылығын көтеру. Достыққа, бірлікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: Жаттығу ережелері, үлестірме қағаздар, сынау үлгілері, белгілейтін көрсеткіш, Венн диаграммасы

Сабақтың барысы: І Кіріспе бөлім:

1. Оқушылардың назарын сабаққа аудару
2. Сабақ мақсатын хабарлау, дәптерлеріне күн ретін тақырыпты жаздыру
3. көркем жазу минуты
4. Тәртіп сақтауды, сабаққа белсенді қатысуыд, бір-бірінің жауабын тыңдауды ескерту
5. Жаттығу ережелері бойынша өте жақсы жауапқа – 5 ұпай
Жақсы жауапқа – 4 ұпай
Орташа жауапқа – 4 ұпай

ІІ. Негізгі бөлім:

1. «Зымыран сұрақ».

Үш топқа бір уақытта бірдей сұрақтар қойылады. Әрбір топ мүшелері жылдам жауап беруі қажет. Бұл бөлімде біліммен қатар жылдам ой қорытып, нақты жауап беруі талап етіледі. Ойланып жауап беруге 15 секунд белгіленеді.

– Сөйлем мүшелері неше түрге бөлінеді?
– Бастауыш қай сөз табынан жасалады? Мысал келтір.
– Баяндауыш қай сөз табынан жасалады?
– Тұрлаусыз мүше дегеніміз не?
– Бастауыштан кейін қай уақытта сызықша қойылады?

2. «Ой жинақта, талдаумен»

Тапсырмаларды таратып береді. Берілген нұсқа бойынша сөйлем құрау. Сөйлемнен сұрақ қойып тұрлаулы, тұрлаусыз мүшені тап. Ойлануға 2 минут, жұмысты орындауға 2 минут беріледі.

1 топ тапсырмасы: Кім? Нені? Не істеді? (Зайра шәй жасады)
2 топ тапсырмасы: Не? Неден? Не істеді? (Мал төлден өседі)
3 топ тапсырмасы: Кім? Қайда? Не қылды? (Мұғалім сыныпқа кірді)

3. «Жұмбақ сөз» әр топқа жеке-жеке мақал-мәтел айтылады. Ол үшін баяндауышты үнсіз айту белгісімен оқимын. Жасырған сөзді тауып оны орыс тілдеріне аудару керек, Ойланып айтуға 1 минут.

1 топ тапсырмасы: Ақылды адам арын (қорғайды)
сараң адам малын (қорғайды)

2 топ тапсырмасы: Ақылды кісі ісіне (сенеді)
Ақымақ кісі күшіне (сенеді)

3 топ тапсырмасы: Болат қайнауда (шынығады)
батыр майданда (шынығады)

4. «Зерделі сұрақ, дәлелді жауап»

Үлестірме қағаздар беріледі. Берілген мысал ережеге сай емес екендігін айтып дәлелдейді. Ойлануға 2 минут, жауап беруге 1 минут.

1 топ №1 үлестірме

Мысал Ереже

1. Жадыра қалаға келді Тұрлаусыз мүше
2. Қызыл ала зат есім

Анықтамаға сай ма?

5. «Нұсқалықты сөйлет»

Ойланып жауап беруге 1 минут.

1 топ: сөйлем мүшелері бойынша кесте құрастыру
2 топ: әрі қарай сөйлем мүшелерінің кестесін жалғастырады.
3 топ: кестені толықтырады.

ІІІ. Қорытынды кезең: Сабақты қорыту. Топтардың ұпай санын санау, кестеге белгілеу. Оқушылардың білімін бағалау. Үйге тапсырма: кез-келген 1 мәтьінді көшіріп жазу, тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерін белгілеу.

Оқу – инемен құдық қазғандай

Қазақ тілі. 3 сынып

Мақсаты: Алған білімін меңгерген икемділік бойына сіңірген қасиеттерді қорыту. Оқу әрекетіне тәрбиелеуді шыңдай түсу. Алған білімдерін жүйелеу. Дағдыларын дамыту.

Сабақ түрі: Қорытынды.

Көрнекілігі: Сызбалар, плакаттар, балалардың шығаромашылық жұмыстары.

Сабақтың барысы: І.Ұйымдастыру

ІІ. Қорытынды бағыттармен таныстыру (Бағдаршам көздері: қызыл-тоқта, сары – дайындау, жасыл – жүр!)

– тоқта! Қандай білімді алдым? Қорытындылау
– жүр! Қандай икемділікті меңгердім? Икемділіктеріңді көрсетіп, алға жылжи бер.
– Дайындал! Қандай қасиеттерді бойыма сіңірдім? Дайын бол.

ІІІ. Сызбалар: 1. Сөз құрамы
2.сөйлем түрлері
3.сөйлем мүшелері
4.сөйлемнің бірыңғай мүшелері

– Сөздік жұмыс

Сөз тақтаға сөз жазылады, балалар дәптерлеріне сызба бойынша жұмыс жасайды.

Сұрақтарға жауап. 146 бет. Оқулық.

– қазақ халқының қандай салт-дәстүрін білесің?
– Отанның – туған республикаң туралы не білдің?
– Еліміздің өнерлі, намысты азаматтары туралы біраз білім алдың, айтып бер.
– Табиғаттың қандай сырларымен таныстың? Жүйелі сөйлеп, айтып бер.

ІҮ. Мәтінмен жұмыс.

Икемділіктер бойынша жұмыс жасау:

1. Мәтінді мәнерлеп оқу
2. қысқаша мазмұндау
3. негізгі ойды табу
4. жоспар құру
5. бөліктерге бөлу
6. пікір айту
7. табиғатты суреттеу
8. тыныс белгілерін түсіндіру
9. сахналау, сурет салу
10. сөз мағынасын ашу
11. кейіпкерге мінездеме

Ү. Бекіту. Өткен сабақта жасаған жазба жұмыс икемділіктерін талдау, мына бағыттар:

1. мінездеме
2. мәтінді жалғастыру
3. әңгіме жазу
4. жұмбақ-құрал
5. бақылау бойынша шығарма жазу

ҮІ. Бағалау

ҮІІ. Қандай қасиеттерді бойыңа сіңірдің? Қорытынды.

ҮІІІ. Үй тапсырмасы: қорытынды бағыттары бойынша жұмыс жасау.

Сын есім

Мақсаты: Сын есім туралы теориялық білім беру. Заттың әртүрлі белгілерін байқап, сындық ерекшеліктерін ажырата білу. Сауаттылыққа, жазу колеграфиясын, тілін жетілдіру. Логикалық ойлау жүйесін дамыту. Адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: Жемістер, азық-түліктер, ойыншықтар, кесте, плакат, топтама, тірек сызбалар, дидактикалық парақшалар.

Түрі: аукцион, жаңа білім сабағы

Әдісі: әңгімелесу, түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап, ауызша, жазбаша жазу жұмысы.

Сабақ барысы: І. Ұйымдастыру.

1. Өткенді пысықтау.

ІІ. Негізгі кезең: Жаңа сабақ.

– Бүгін сөз табының бір түрі «сын есіммен» яғни заттың белгілерін байқап танысамыз.
– Мынау не? (алма)
– Түрі қандай? (қызыл)
– Көлемі қандай? (үлкен)
– Дәмі қандай? (тәтті)
– Иісі қандай? (жұпар иісті жағымды)
– Жем болғаннан кейін қандай баға бересіңдер? (жақсы піскен алма)
– Оны сапа дейді.

Сонымен алманың сындық ерекшеліктерін атадық. Осы ерекшеліктерді кестеден көрсетіп, сұрағын оқып, жауабын қалташаға салайық. Ереже шығару.

2.Кітаппен жұмыс 163 жыттығу орындау. Жұпан иіс сөзіне мәндес сөздерді табу.

3.164 жаттығу. Көп нүктенің орнына тиісті сын есімдерді қойып, көшіріп жазу. Заттың түсін, дәмін білдіретін тағы қандай сөздер білетінін ататып, оларды сөйлем ішінде айтқызу.

4. «Сұр қоян» әнін әр түрлі қимылдар жасап айтқызып, ішінен сын есімді тапқызу.

5.165 жаттығу. Графопроектордан мына мақалды оқып, жатқа жазайық. Мақалдың мағынасын түсіндіру: Жақсы сөзге жан семіреді

Жаман сөзден жан қорқады.

Сын есімдерді тауып, оның қай сөзбен байланысып тұруын сызбамен көрсету.

6. «Мақал, қуаласпақ» ойыны. 1 топ мақалды бастайды. 2-ші топ жалғастырады. 3-топ осы мақалдардың ішінен сын есімдерді тез тауып дәптерлеріне түртіп алады және оқып береді.

7. 167 жаттығу. Бір зат есімге қатысты бірнеше сын есім тауып жазу. Осы ережені терең меңгеру үшін, жаттығуды орындау үшін «аукцион» ойнаймыз. Сатушы (аукцион базарының тәртібімен таныстырады): Міне бір затты көрсетемін, сатып алушылардың қайсысы осы заттың сындық сапасын көбірек айтса, соған сатылады.

Үй, сиыр, көйлек, тамақ.

– Енді алған заттарыңды жоғары көтеріңдер көрейін. Білімдерің өмірге жарапты. Барлықтарың ұнаған заттарды алған екенсіңдер. Құтты болсын.

– ІҮ.Сабақты қорыту. Сұрақтар қою. Бағалау. Үйге тапсырма беру.

Оқушылардың назарын сабаққа аудару жолдарын іздестіру барыснда грамматикалық ойындарды жиі қолдану арқылы бала белсенділігімен ынтасын арттырудың нәтижелі болғанын байқадым. Ойлай отырып, ойнау оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын тудырып, өз еркімен ойлауға, тілін дамытуға және ізденуге жетелейді. Оқушы ертегі тыңдап өткен дыбысты есутге, тануға дағдыланады. Грамматикалық ойындар арқылы сөздің антонимін табуға үйренеді, жұмбақтар шешеді. Шашылған сөзден, буыннан сөздер құрауға үйренеді. Грамматикалық ойындар түрлері: дыбыстық жаттығу, «Кім көп біледі?», «Тығылған сөз», «Ұйқастық», «Қағілездік», «Керісінше», «Әріп», «Жоғалған әріп», «Буынды лото», «Сиқырлы әріп», «Сөзді тап», «Баспалдақ», «Сөзден сөз тер» т.б.

 

Check Also

Электрондық күнделікті пайдалану туралы

Электрондық күнделікті пайдалану туралы тамаша бейнесабақ.  Өскембаева Кенже ханымның тамаша бейнесабақтары.

2 комментария

  1. Бул адистеме кандай енбекке суйенип даярланган екен! Гылыми Жетекшиси ким???? Адебиеттер тизими берилмеген. Силтеме неге жасалмаган, идея кимдики? кимнен кандай абзац алынган, биреудин дуниесине кол сугушылык! жалпы жаман емес!

  2. Бул адистеме кандай енбекке суйенип даярланган екен! Гылыми Жетекшиси ким???? Адебиеттер тизими берилмеген. Силтеме неге жасалмаган, идея кимдики? кимнен кандай абзац алынган, биреудин дуниесине кол сугушылык! жалпы жаман емес!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.