Қалай дұрыс бағалауға болады?

Қасихан Еңілік. Ақмола облысы.

Жаттампаздық және жалтақойлық

Бүгінгі бала бағаны қалай алады? Сіз – оқырман, ата-ана, оқушы, студент, әйтпесе болашақ ұстаз шығарсыз, бәлкім, ұлт болашағын ойлар ұлтжанды азамат шығарсыз, сондықтан сіздерге бүгінгі күні баланың алар бағасы жайлы шын мәлімет бергім келді. Бүгінгі біздің оқу-оқытудың бағасына барлап көрелік, сіз бен біз.  Ал, мен – бүгінгі ұстаз, ертең баласы мектепке барар ата-ана.

Ата-ана баласын күнделікті бағасы арқылы бағалайды, ал бала ше? Бала түсініп төрт алғаннан гөрі, көшіріп бес алғысы келеді. Білім үшін емес, баға үшін оқу үрдіс алғаны соншалық, бүгінгі күнде баға – тағдыр, баға – өмірге айналған. Басына білім жинағанша, басқаны да өзін де алдайтын баға жақсы болған оқушы үшін. Бұл опық жегізбей ме? Ойланыңыз…

Жалған баға соңынан қуған оқушы бағаға берілгені соншалық, баға алу қиындау тиетін, математика бастаған жаратылыстық ғылымдар маңайына Ұлттық бірыңғай тест таяғанша таямайды, өйткені есеп «шығарып» үш алғанша, ереже жаттап, анықтама айтып төрт алу маңызды 11-сынып деген соңғы жылға барғанша.

Осындай сан себеп кесірінен бүгінгі ұрпақ жаттампаздық пен жалған білім, жалған баға жинап жалтақойлыққа бет бұруда. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетін дағды қалыптасып, он жыл өзін де, ата-анасында алдаған бала он бірінші жылы ҰБТ-ға дайындық орталықтарын жағалап, бес уақыттық тамақты ауызға салып жүр де, асқазаны қорыта алмай әуре бүгінгі күні:

Жасымда ғылым бар деп ескермеппін,
Пайдасын көре тұра тексермеппін,
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермеппін – деп, Абайша опық жеп жүрген мектеп бітірушілер саны артып барады. Бұның соңы не болар, ойланайық…

Шектеулі баға – шектелген дарын

Баға ұстаз үшін де салыстырмалы дүние, алдындағы оқушының деңгейіне сай ең мықтысы бес, орташасы төрт, ал әлсізі үш алады, бұл қатып қалған стандарт, ал оқушы өзін сыныптасымен салыстырады да,

Сен мықты, мен орташа, анау осал,

бәріміз бір аспанның астындамыз – деп бір сыныпта, артық білім үшін ойланбайды да жүре береді, бірақ өзге сыныптың баласы ше, өзге мектеп ше? Содан барып бір мектептің үздігі екінші мектептің орташасымен, кейде тіпті нашарының деңгейін де көрсетіп жүр.

Ал бағаның көлемінің тарлығы бұған басты себеп болуда, айталық, алдыңызда 30 оқушы бар егер де білім стандартына салар болса соның 2-3 оқушысы ғана беске толық жауап береді, ал әйтеуір жақсыларын талдап төрт оқушыға бес деген баға (бұның бір екеуі көтермеленген, басқа сабақтағы бағасы ескерілген бес) қойған ұстаз амалсыздан қалған 26 оқушыны теңдей жарып жартысына 4, (оның жартысы сабаққа келмейтін, әйтпесе келіп-кетіп қана жүретіндерге қарағанда салыстырылған, әйтпесе, сабақ оқымаса да белсенді оқушы) ал, соңғы жартысына 3 (бұның ішінде сабақта кейде бер кейде жоқ, келседе ұйықтап қайтатын, иіс алмас та бар) қояды. Сіз енді қараңыз, біреу келіп кетіп жүрсе болды үш алады, ал, біреу талпынады, бірақ шамасы жетпеген соң үш алады. Содан бірте-бірте, қойшы бәрібір үш алам одан да сол үшті ұйықтап жүріп алайыншы деген күйге жетіп бала бағын тең қойылған бағамен байлайды. Ал, оның ұстаз талпынысына төрт қояйын десе төрттегі одан жақсыларын беске, ал бесті алтыға шығаруы керек, бірақ амалы не алты деген баға жоқ. Ал ойларсыз ең нашар балаға, келмей, келсе де ұйықтап кетіп жүргендерге екі қоймай ма деп. Жоқ! Екі қойуға болмайды. Неге?

Ал бес алған бала жұлдыз бәрін біледі, ол оқушыда әрі қарай білген үстіне біле түсейін деген талпыныс жоқ, бес деген ең жоғары өзінен басқа ешкім жоқ. Ал шындық білім деңгейі шынайы ма, ол жағы белгісіз.

Қойдырмайтын және қойылмайтын баға

Қойылмайтын негізінде «қойдырмайтын» баға, бұл қандай баға? Бұл – екі. Неге? Бұның сан астары бар, санап көрелік.

Бірінші: сіз екі қойсаңыз, ата-ана бастап айқайлайды, баласының білмейтіндігін ойлап қынжылмайды, балама білгізе алмадың деп айқайлайды, оу, тоқсанның соңына дейін баласының күнделігін бір ашып, үй тапсырмасын қадағалауға шамасы келмейтін «жұмысбасты» ата-ана, метепке ата-аналар жиналысына жалынып шақырсаң келмейтін ата-ана тоқсан соңында сені өзі іздеп табады баласы егер, екі алса.

Екінші: сіз екі қойсаңыз, әкімшілігіңіз қосылып айғайлайды, оқи алмайтын бала жоқ, сен оқыта алмайсың дейді. Қатты кетсе, оқушыға қойған екі өзіңе қойған екі, дейді. Ал енді, өзіңізге, сұрақ қойыңыз сіз оқыта алмасаңыз алдыңыздан шығып жатқан үздіктерді кім оқытып жатыр?

Ал, сіз екі қоймайсыз өйткені өзіңізге жаныңыз ашиды…

Үшінші: сіз екі қойсаңыз, қат-қабат қағаз басады, сыныптан-сыныпқа қалдыра алмайтын оқушыңызды, өзіңіз қойған екі үшін өзіңіз сабақ өтіп, қағаз толтырып, үшке шығарып, «дарынын өсіріп» жіберуіңіз керек. Неткен қорлық, бұл қорлықтан кейін екі деген бағаны «орынсыз» аузыңызға алып көріңіз қане.

Ал, оқушы ше? Тоқсандыққа екі шықпайтынын білген бала келмей қалудан, келсе де ұйықтап келіп, ұйықтап кетуден, тәртіпке бағынбаудан қорықпайды, ал ондай өскен баладан ұят сұрап не істейсіз?

Ал мұғалім ше? Жүрген бір байғұс, өзін-өзі алдап…

Пайыз және пайда

Сіз мұғалімсіз бе, сіздің біліміңіз алдыңыздағы оқушының пайызы. Сіздің берген сыныптың сіз оқушыға қатаң талап қойып білім сапасын төменірек көрсетіңіз сіздің мәселеңіз май шаммен қаралып, педагогикалық кеңесте қаралады, сіз содан кейін, құдада тыныш, құдайда тыныш деп үндемей жүріп жаныңызды қинамай бағалағанды өзіңізге пайда деп санайсыз, өйткені құлақ тыныш, жан рахат.

Ал бастауыш сыныптың жайы тіптен ауыр, бар пәннің бәрін беретін апай төрт жыл оқытқан баласы өз баласындай болып кетеді, әрі пайыз түсірмеу керек, сонымен бастауыштың жартысы үздік, тоқсан пайызы екпінді, ал бесінші сыныпқа келіп әр мұғалімнің қолына түскенде үздіктен біразының үміті үзіледі. Ал бесінші сынып, сол үшінде мектептегі ең даулы сынып.

Өрге төмен жалтақтап жүріп, көнгіш көптің бірі боласыз. Сөйтіп жүргенде алдыңыздағы балада, қиналмай жүріп тырнақша ішіндегі төртін алып кете барады. Ал ұлттық бірыңғай тестте ше…

Енді бала болашағы не болар, ойланайық…

Өтірік баға және өлім (суицид)

«Жалғандық жарға жығады» деп айтушы еді, атам қазақ. Бүгінгі жалған баға өлімге (суицидке) бірақ әкелуде. Қалай дейсіз бе?

Салыстырмалы әр жерде әр қалай бағаланып келген балаға Ұлттық бірыңғай тест бірыңғай беріледі. Өмірі үш, төрт, бес алып жүрген бала ұлттық тесттен ұшып екіге түскенде (негізгі білімі екі, тек бұрыннан көтермеленіп келген бала), өмірі екіні көрмеген бала екі деген бағаны көргенде өзі де аң-таң, балам екпінді болып оқиды деп жүрген ата-ана да аң-таң. Ата-ана балаға, бала құлағы тыныш далаға қарайды.

Ата-ана баланың тағдырын ойлап жылайды, бала ұяттан немесе ата-анадан естір сөзден қорқып өзін өлімге байлайды. Қоғам шулайды, ұстаз ішіндегісін айта алмай асау аттай тулайды. Өкінгенмен бұл сәтте ештеңе де орнына келмейді, бәрі де кеш…өтеді кетеді.

Check Also

Диаграммаларды құру. 8-сыныпқа арналған қысқа мерзімді сабақ жоспары.

Токсанбаева Гульнара Казизовна. І санатты информатика және математика пәнінің мұғалімі  «Рыков атындағы орта мектебі» коммуналдық …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.