Тақырыбы: Қыздар(пікірталас)

Тұтқабаева Сәуле Сатыбалдықызы. Талдықорған қаласы № 9 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі.

1. Қыз тәрбиесі.

«Қызды қырық үйден тыйған» дана халқымыз олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бой жеткен ару қыздарын сырт көздерден сақтап, оларды биязылыққа, ибалылыққа тәрбиелеген. Абай атамыз:
“Жасаулы деп малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма»,- деп жігіттерге кеңес береді. Арын сақтаған, ақылды, ұяты бар, ата-анасының тәлімін алған қыз баладан болашақта жақсы жар, ибалы келін, аяулы ана күтуге болады. Сол үшін қазіргі кез-келген ата-ана өзінің ұл-қызының тәлім-тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Тәрбие деген тек оларды тамақтандырып, киіндіру емес, тәрбие деген – рухани ақыл-сезімі жоғары, ар-ұяты биік, иманды ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан «қызым сән қуалап жүр еді» деп отырғанда «шоқ басып» қалмауынан сақтануымыз керек. 

2. Сұлулық сырлары.

Сұлулық – адам жанын марқайтатын, көзін қуантатын, тамсантатын, тәнті ететін, сүйіндіретін көрініс, қимыл-әрекет, пішін немесе ой-қиялдың жемісі. Солардың ішіндегі ең кереметі қоғам мен табиғаттың ерекше перзенті – адам, соның сұлулығы.

Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сұлу болып туылуы мүмкін, ал ішкі жан сұлулығы өзінің мінез-құлқы, қылығы, ісі. Басқа адамдарға деген байланысы арқылы қалыптасады. Әдетте, біз қыздың немесе жігіттің сұлулығы, көркемдігі жайында айтқанда оның бойының сымбаттылығына, үнінің назды, әуезділігіне, шырайының таза, балғын, қалың шашының толқындай төгілгендігіне қарап баға береміз. Бұл – адамның сыртқы сұлулығы. Ал, адамдағы басты сұлулық – ішкі жан дүниесі, мінезі, қалыптасқан әдептілігі.

Жан-жағыма қарасам: жер ана жасыл төсенішін жамылып, ал қызыл гүлдерімен сәнденіп, ерекше құлпырып кетіпті. Жүректі мейірім шуағына бөлеп, көңілдің түбіндегі әсемдікке, тазалыққа деген сезімді оятады. Әсіресе, Алматының көшелеріне көрпе боп төселген түсінен көз тұнған гүлдерге қарасаң, жер бетіне ерекше көрік беріп тұрғанын байқайсың. Есіңе қазақтың: «Гүл өссе жердің көркі, Қыз өссе елдің көркі», – деген мақалы түседі. Бабаларымыз қызды гүлге теңеп, әдеміліктің, әсемдіктің символы санаған. Ал адамдар арасына шыға қалсаң, елдің көркі болар қыздарымыз, елдің ұятына айналып кеткендей. Жаз шыға табиғат жасыл жамылғысын жамыла бастаса, біздің аруларымыз үстеріндегі «әурет жабарларын» тастай бастайды. «Сән» атты ақыл айтқыш апаның айтқанына ілескен оларға қарап, ұят, әдемілік, биязылық, имандылық сезімдерін «сандықтарына салып қойған ба?» деп қаласың. Ал ең әурет жерден саналатын кіндікті ашып жүру – дәл қазір қыздардың дағдылы әдетіне айналып барады. Көше жарнамаларындағы қыздар да тек ішкі киіммен суретке түсуді қалыпты жағдайға айналдырыпты. Оларға «қой дейтін қожалар» жоқ болғаны ма? Тіпті, балаңды ерітіп дүкен араласаң, жалаңаш әйелдердің суреттерін көріп, «ұят-ай-ды қара» дегенде, «балаларымызға қандай тәрбие беріп жатырмыз?» деген ойға қаласың. Жастайынан ашық-шашық әйелдерді көріп өскен балада «әйел затына» деген құрмет қайдан болсын?
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер» аруларымыздың осындай күйге түсуіне не себеп болды? Әсіресе, соңғы он-он бес жылдың ішінде қыздарымыздың әбден жалаңаштанып кетуіне не әсер етті?

3. Жаным-арымның садағасы.

Қазақ халқы неке тазалығына, қалыңдықтың арын сақтап, қыздың қасиетiн жоғары ұстауына өте зор мән берген. “Қызға қырық үйден тыйым, мың сан үйден сын” деп, ата-бабаларымыз қыздың абыройын бүкiл ауыл-аймақ болып қорғаған.

Неке тазалығы — болашақ шаңырақты  қолайсыз жағдайда қалдырмау үшiн бойжеткен қыздарды жеңге-лерi үнемi қорғап жүрген. Айт пен тойға бiрге барып, жалғыз жiбермейтiн болған. Ар тазалығы үшiн күрестi жоғары санаған ата-бабаларымыз ”қыз қылығымен” деп, әдептi, инабатты, арлы болуын қалаған. ”Жаным — арымның садағасы” деп санаған.

Ар тазалығы отбасы берiктiгiне де себепкер болған. Қоғамдағы қыздардың абырой-беделінің түсіп кетуі, алданған, зорланған қыздардың көбеюі, тастанды балалардың көз жасы – осылардың салдары емес пе? Түнгі уақытта, жартылай жалаңаш жігіттермен серуендеуге шыққан қызды, аш қасқырлардың арасана кірген қойға теңесе де болады. Қазір қала түгіл ауылда да қыздарымыздың 90 пайызға жуығы аяғы ауыр болып тұрмысқа шығып жатады, немесе үйден босанып, болмаса жасанды түсікке барып жатқанын естисің. Ал арын сатқан қыздарды ауызға алудың өзіне арланасың. Адамның бойындағы ұят, ар сияқты құнды сезімдердің азайып бара жатқаны жаныңа батады. Пайғамбарымыз с.ғ.с. былай деген екен: «Ұят пен иман бір-бірімен тығыз байланысты, егер біреуі жоғалса, екіншісі қоса кетеді.» Ендеше, адамдар өз ұяттарын жоғалту арқылы иманнан да алыстап барады. Ал иман жоғалса, болашақтың бұлыңғыр тартары сөзсіз.

Сабақтың презентациясын көшіріп алыңыз

Check Also

ҰБТ – 2017 жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өтеді. Қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. ҰБТ– жоғары оқу …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.