ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҮЙЛЕСІМДІ ДАМЫТУДАҒЫ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Шәудірбаева Гүлнар Иманғалиқызы, Бейнеу лицейінің тарих және «өзін-өзі тану» пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті- жеке тұлғаны ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардың, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде қалыптастыру, дамыту және кәсіби тұрғыдан жетілдіру»,-деп атап көрсетілуі әр дара тұлғаның заманауи талаптарға сай білімді де білікті азамат ретінде қалыптасуын көздейді.

Жеке тұлғаның үйлесімді дамуына мүмкіндік беретін, білім ордаларында жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы рухани-адамгершілік тәрбие берудің ошағы – «Өзін-өзі тану»пәні.

«Өзін-өзі тану»бағдарламасының негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетті көтеру. Сол себепті қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе тұлғаны адамгершілік-рухани тұрғыдан дамыту,

ар-ұятымызды молайтып, адамгершілік қасиеттерімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа үйрету.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасының басқа бағдарламалардан айырмашылығы Қазақстанның білім беру жүйесінде педагогтарды жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіруге бағыттап, өскелең ұрпақты «Өзін-өзі тану» курсы арқылы жан-жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол, бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын, өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлға етіп тәрбиелей аламыз.

Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде педагогтар шешуші рөл атқарады.

Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры демекші, ұлттың болашағы- оның білімді, талантты, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтың қолында. Рухы күшті ұлт озады. Сара Алпысқызы «Өмір әдебі» деп аталатын еңбегінде «Ғасырлар бойы әр елдің халықтары осы біз кімбіз,не үшін өмір сүріп, қайда кетеміз, өміріміздің мағынасы неде, басты адами бағдарымыз қандай болуы тиіс?» деген сауалдар төңірегінде іздене отырып , «тіршіліктің осынау мәңгілік сұрақтарына жауап беру үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды қайта жандандырып, өзіміздің бастапқы қайнар көзімізге оралу керектігіне бір сәт те күмәнданбайтындығын» айтады.

Атақты педагог Сухомлинский; «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жасбаланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық»,-деп атап көрсеткен.

Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру- ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы- халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс -тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Көрнекті педагог В. Сухомлинский : «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», — дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.

Кім болса да жақсы өмір сүруге тырысады. Жақсы өмір сүру материалдық және рухани байлықтың арқатынасының тепе-теңдігіне байланысты. Абайдың «ақыл мен жүректі бірге ұстаң»,-деген сөзінен жақсы өмірдің бейнесін көруге болады. Тағы бір сөзінде Абай « мінезге бай» болу керектігіне тоқталады. Шынайы байлық адамдардың іс-әрекетінен көрінеді.

Халық педагогикасы-нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, қиял- ғажайып ертегілері, ойындары, тәрбиелеп өсіру негіздері адамгершілік ниеттерге баулиды. Олай болса, адамгершілік тәрбие беру кілті халық педагогикасында деуге болады. Ұлттық асыл қасиеттерді жас ұрпақтың ақыл-парасатты азық ете білуде «Өзін-өзі тану» курсының орны ерекше.Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен.

 

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстандық қоғамның алдында жаңа ұрпақтың адамгершілік-рухани тәрбиесі, азаматтар арасында жақсылық, әділеттілік, өзара көмек, төзімділік орнықтыратын құндылықтарды іздеу мәселесі қалыптасты.

«Өзін-өзі тану» пәні педагогтар мен ата-аналардың қызметін жастарды әлеуметтендіруге, балалардың өз мінез-құлықтары мен өмірлік іс-әрекеттерін қайта ойлауға бағыттайды. Балаға ата-аналардың беделі, білімге және рухани құндылықтарға негізделген ата-ананың ықпалы тәрбиенің маңызды жағдайы болып табылады.

Сондықтан да өзін-өзі тану мұғалімдері ата-аналармен жұмыс жоспарлағанда отбасы ролінің қалыптасуын және оның мүшелерін бағалаудың маңыздылығын ескеруі тиіс. Осындай ақпаратты білу мұғалімдерге отбасының баланың жеке дамуына, оның мінезіне, тәртібіне ықпалын алдын-ала білуге мүмкіндік береді. Осы факторларды есепке ала отырып, педагогтар ата-аналармен өзара әрекеттердің ең әсерлі үлгілерін таңдай алады.

Бала тәрбиесінде ата-аналардың жүріс-тұрысы шешуші роль атқарады. Ата-аналардың әрбір ойлаған сөздері және қылықтары өз отбасы мүшелерін құрметтеу – ең бастысы және маңыздысы тәрбие үрдісі болып табылады. Күн сайын балалар сынып жетекшілерінің қарауында ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің қарауында болғандықтан, мектеп ата-аналарға қарағанда балаға үздіксіз үрдіс түрінде тәрбие береді. Атап айтқанда, болашақ адамның тәрбиесі оларға байланысты. Олардың әр оқушыға ықылас бөлуі, баланың мектептегі жетістіктеріне, оның рухтық және зерделілігінің дамуына байланысты.

Бала тәрбиесі процесінде ата-аналардың пікірі бірінші кезекте тұрады. Яғни, педагогтар, бала тәрбиесіне жауапты басқа тұлғалар ата-аналардың пікірін және олардың ұсыныстарын мүмкіндігінше назарға алулары қажет. Ата-аналармен жұмыс, оларды балалармен бірге жалпы мектеп іс-шараларына тарту бала тәрбиесінде олардың маңыздылығын айтарлықтай арттырады. Отбасы мен мектептің өзара іс-қимыл процесі ата-аналарды тәрбие процесіне және сабақтан тыс бос уақыттағы жұмысына белсенді қатыстыруға бағытталуы тиіс.

Сондықтан педагогикалық ұжымды оқытудан бастау, соның ішінде осы қызметті ұйымдастыру мәселесі бойынша әдістемелік семинарларды өткізу қажет. Оқыту семинарларының барысында педагогтар толықтай және соның ішінде сыныптық ұжымда тәрбие беру жүйесінің жетілдіру әдістерімен танысу тиіс. Іскерлік ойын барысында ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі ролін жоғарылатуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жасау бойынша жобалы әдісті пайдалануға ата-аналар мен мұғалімдер құрамына кіретін уақытша шығармашылық ұжым қолдануға болады.

Одан басқа, ата-аналармен оқыту семинарлар ұйымдастыруға болады. Семинарлардың тақырыптары “Тәрбие – әлеуметтік мәселе ретінде”, “Мансап мектептен басталады”, “Қазіргі баланың әлеуметтік белсенділігі – ертеңгі әлеуметтік жетістік” және т.б. тақырыптарда болу мүмкін. Семинарларға психологтарды, осы саладағы беделді педагогтарды, ғалымдарды, кәсіпкерлерді, жұмыспен қамту қызметкерлерін шақырту керек.

Ата-аналар жиналысы – бұл ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеудің негізгі және дәстүрлі түрі, оның барысында аса маңызды сынып қоғамының тіршілік әрекеті, мектеп және үй жағдайында оқушылардың тәрбиесі мәселелерінің шешімдері талқыланады және қабылданады. Басты оның тағайындалуы баланың рухани байлығын, адамгершілік тазалығын, денсаулығын дамытуға жағдайлар жасау үшін мектеп және отбасылық күштерді келістіру, үйлестіру және біріктіру болып табылады.

Ата-аналар жиналысы ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, олардың сынып өміріне белсенділігін арттыруға, балалардың тәрбиесіне жауапкершілік сезінуге бағытталып өткізіледі.

 

Баламен қалай дұрыс сөйлесіп және отбасындағы келеңсіздіктерді қалыпқа келтіруге болады, қазіргі уақытта баланы азғыру мен қауіптен қалай сақтап қалу және жеке дербес жауапты тұлғаны қалай тәрбиелеп шығуға болады деген сауалдарға құрамында белсенді ата-аналар мен кәсіптенген педагогтар, психологтар мен әлеуметтік педагогтары бар білім ұйымдары жанындағы «Ата-аналар кеңесі»мен «Ата-аналар клуб» мүшелері осы шешімдермен қатар басқа мәселелерді шешуге көмектеседі.

Бұдан бұлай білім органдары мен ұйымдарының қызметі қазіргі қазақстандық отбасының мәртебесін көтеруге, отбасы институтын бекітуге, баланы тәрбиелеуде ата-ана ролін көтеруге, қоғамда отбасы, адамгершілік құндылықтарының басымдықтарын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Дәл қазіргі уақытта отбасы институт ұстанымы әлсірегенде әр отбасы мүшесі көмек пен қолдау таба алатындай қоғамдастықты құрып, осы маңызды қоғам ұяшығын бекіту аса қажет болып табылады. Оның ішінде әр-түрлі психологиялық көмекті қажет ететін барлық отбасы мүшелеріне отбасы орталығының құрылу қажеттілігі туды.

Мектеп ата-аналар үшін-жас ата-аналармен тұрақты ағартушылық дәріс өткізу қажет.Үздік отбасылардың оң мысалдарына сүйеніп, міндетті түрде халықты ағарту, үйрету қажет. Отбасы құндылықтарын қолдау және насихаттау, ата-аналардың үздік тәжірибесі бойынша арнайы бағдарламаларды жасау, күмәнсіз, жоғары деңгейдегі азаматтық бағытымен жүретін адамның тәрбиесіне, өмірі мен іс-әрекетінің жауаптылығына, өз мемлекетінің азаматы болуы сезіміне ықпал етеді.

Үздік ата-аналар мен сәтті отбасылардың оң бейнесін кең насихаттау, органдар мен білім беру ұйымдарының үздік ата-аналарды марапаттау мақсатында облыстық баспа және электронды БАҚ-та «Отбасы және қоғам», «Мен және менің отбасым», т.б. шығарылымын және рубрикаларын ашу қажет. Отбасы өте көп жақты. Бүгінгі күні отбасы құрушы адамға адам болмысының түрлі саласынан білім алу керек. Жақсы отбасыға психологиялық және этикалық, педогогикалық және экономикалық, физиологиялық, медициналық, үй шаруашылығын білу және эстетикалық білімдер қажет. Бұл «Отбасы өмірінің этикасы және психологиясы» атты мектеп курсының ерекше мәнін көрсетеді. Әрбір курстың сабағы отбасы өмірінің тек анықталған жақтарын ұйымдастыруға ғана емес, болашақ жұбайлардың, ата-аналардың, қарапайым мемлекет азаматтарының орнықты белгілеріне бағытталған.

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл- парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт- дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.

Ұсыныстар:

1. Ата-аналар мен педагогтардан шығармашылық ұжым құру;

2. Ата-аналарды оқыту семинарларын ұйымдастыру;

3. Ата-аналарға «ашық есік күндерін» дағдылы ұйымдастыру;

4. Аудандық, облыстық басылымдарда «Отбасы және қоғам», «Мен және менің отбасым» рубрикаларын ашу.

Категория: Эссе

Check Also

Электрондық күнделікті пайдалану туралы

Электрондық күнделікті пайдалану туралы тамаша бейнесабақ.  Өскембаева Кенже ханымның тамаша бейнесабақтары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.