Нәтижеге бағытталған білім беруге өту жағдайында жалпы орта білім беретін мектепті басқару

askarbim000Бименбетов Асқар Өсербайұлы. Домалақ-Ене атындағы орта мектебінің директоры, Жамбыл облысы,  Шу ауданы Askar.Bimenbetov@mail.ru

Жаңа ғасыр – ерекше кезең. Бұл кезеңде ғасырлар бойы жинақталған іс – тәжірибелерімізге, бай мұраларымызға талдау жасалынып, жіктеліп, ойларымыз қорытылып, нәтижесінде белгілі бір жүйеге келу – өмір талабы. «Адам ұрпағымен мың жасайды», «Не ексең, соны орасың» – дейді қазақ мәтелі. Ия, ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес, миллиондаған жылдар жасап келеді және де сәт сайын өзгеріп, өрлей дамыған саналы тірлік адамзат еншісіне ғана тиесілі. Соңғы кезде еліміздің білім беру ісінде түбірлі өзгерістер болып жатқаны түсінікті. Ең бастысы, әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатындағы алғашқы қадамдар. Білім стандартының жасалуы, жаңа буын оқулықтарының қолға алынуы, 12 жылдық білім жүйесіне енуге дайындық, басқа да жүріп жатқан реформалар күрделі де қиын, қарама-қайшы белестерді ақырын – ақырын артқа сап, алға жылжып келеді.

Білім беру – ұлттық сананы қалыптастыру мен дамытудың мәдени этностық, тілдік мүдделерді қанағаттандырудың, мемлекетіміздің стратегиялық дамуындағы негізгі мәселелердің бірі – жаңа білім кеңістігін құрудың бірден – бір құралы.

Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушысы болғандықтан, қазақстандық барлық мектептерге үлгі болуға тиісті қазақ тілінде оқытатын мектептердің бүгінгі жайы, дамуы бағыттары, келешегінің көкжиектері бүкіл қоғамның, мемлекеттің назарында.

Тәуелсіздіктің алтын тәжін киіп, тіліміз мемлекеттік мәртебе алғалы біздің халқымыз еңсесін көтерген елге ең алдымен сапалы оқу – білім, ғылым керек. Ел Президентінің 2030 жылға бағытталған жолдауында «Елдің ертеңін ойлау қажет. ХХІ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты сауатты өмірге бағыттауымыз керек» деген сөздерді тегін айтылмаса керек. Бүгінгі күні білім сапасы үлкен мәселе болып тұрғаны шындық. Осы жерге ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ең әуелі мектепке керегі – білімді педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші – керек құралдар,  «Құралсыз іс істелмейді» дей келіп, үйрететіннің «Кесім – пішіні» болу тиіс, сол пішін «программа деп аталады» деген сөзі  ойға оралады. Бұл өткен ғасырдың басында айтылғанымен жүз жыл өтсе де бағыт – бағдар болып тұр.

Білім берудің басты мақсаты – өз бетімен білімін көтеретін, өзі толықтыратын, әлеуметтік батыл қадам жасай алатын, қоғамға пайдалы жеке тұлға дайындау. Қазақстан Республикасы Конституциясында құқықтық, ашық демократиялық қоғам орнатудың қажеттілігі және ең құнды байлық – адам, оның өмірі, құқығы, бостандығы екені атап көрсетілген. Мұндай міндеттерге білім жүйесін демократияландыру және ізгілендіру арқылы қол жеткізу болады. Білім жүйесін ізгілендіру үшін әлемдік мәдениет тарихының мазмұнына қанығып, адамның дамуына қажетті оқу пәндерінің бағдарламалары енгізіліп, қоғамдық – гуманитарлық, жаратылыстану, физика-математика пәндерінің ғылыми мазмұны терең ұғындырылуда.

Мектеп – өз халқы болашағының негізгі қалаушы мемлекеттік орын. Демек, қазақ халқының өз қасиетін сақтай отырып, әлемдік мәдениетке көтеріле алатын ұлт тілінде білім, тәрбие беретін орын – жаңа замандағы қазақ мектебі. Сондықтан да қазақ мектептерінің алдында тұрған өзекті мәселелерді жандыруда үлкен шаралар қолға алынуда. Ол:

      1.Мектептегі барлық жағынан жабдықтайтын (мектеп мүлкі, жиһазы, көрнекті құралдар, оқулықтар мен құралдары) мемлекеттік өндіріс кешені қызметінің жандануы.
      2.Қазақ тілінің ұлттық – танымдық мәнін көтеретін, мемлекеттік тілді әлемдегі ұлы тілдер қатарына апаратын этнолингвистикалық шаралар іске асырылуы.
      3.Мектеп мұғалімдерінің шығармашылық белсенділігін зерттеушілік деңгейге көтеретін әдістемелік орталықтардың орын алуы.
      4.Мектеп оқушыларының ақпараттық технологиялар кеңістігінің мүмкіндіктерін пайдалана алуы.

Білімнің тірегі – мектеп болса, жүрегі – ұстаз дегендей, білімді елдің болашағы баянды болатынына күмән жоқ, осы қағиданы іс жүзіне асыратын, ұйымдастыратын, қоғам алдында жан-жақты жауап беретін құдіретті күш – мектеп. Әрбір мектеп басшысы, оның орынбасарлары демократияландыру кезеңінде өз алдындағы  міндетті шешуде үнемі өте көп күш – жігер, қажыр – қайрат жұмсау арқылы ғана мұғалімдер мен оқушылардың, ата-аналар сұраныстарын кәсіби  біліктілікпен тиімді басқаруда ғылымға, озат тәжірибе мен жеке ізденіске сүйене отырып басқару мен обьектінің күрделілігіне сәйкес келуі тиіс. Мектеп кеңесі және ұжым арқылы қабылданған мектеп басқару өте маңызды. Басқару механизмі субьект мүмкіндіктері мен обьектінің күрделілігіне сәйкес келуі тиіс. Мектеп кеңесі және ұжым арқылы қабылданған мектеп басқару жүйесінің құрылымдық жобасы және әрбір бөлімнің бір қалыпқа келтірілген шығармашылық еңбегі мектеп жұмысында оңтайлы тәуір нәтижелерге қол жеткізуге ықпал жасайды. Мектеп басшылары басқару мен педагогикада ең бастысы – өзіндік көзқарастары, мүддесі, ой-өрісі икемі мен мүмкіндіктері, мәдени деңгейі, қарым-қатынас дағдысы бар нақты адамдар екендігін есте ұстау керек.

Елдің баянды болашағын жасаушы күш – мектеп болса оның қоғамдағы алатын орны қандай болмақ? Жалпы білім беру – аса күрделі әлеуметтік – экономикалық механизм болғандықтан, алдымызда қойылып отырған мақсат: Ұлттық білім беру ісінің әлемдік білім жүйесіне кіруі. Қазақ санасының шамшырағы  А.Байтұрсынов «Қазақша оқу жайлы» еңбегінде:

«…әуелі бізге елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек. Неге десең, болашақта билік те, халық та оқумен түзеледі» деген болатын. Бұл ұлағатты ойдың құндылығы бүгінгі таңда айқын сезілуде және баланың білім алуын көптеген факторлар да әсер етеді, оның ең бастысы:

  1. Отбасы.
  2. Мектеп, мұғалім, оқу жабдықтары.
  3. Қоғам (әлеуметтік жағдай)
  4. Ақпарат құралдары
  5. Қоршаған орта

Мектеп басқаруда осы факторларды басшылыққа алып отыру керек. Болашағымыз – жаңа үлгідегі мектеп болғандықтан, оны әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде дамыта білім беретін оқу орнына айналдыру, оқушылар бойына рухани – адамгершілік қасиеттерді дамытатын жағдайлар жүйесін құру, өзін-өзі дамытуға әрекет жасауға үйрету мақсаты тұр, сонымен қатар міндеттерімізді де айта кеткеніміз жөн:

  • Әрбір баланың жеке ерекшеліктеріне жеке көңіл бөле отырып, шәкірттердің шығармашылығын өз бетімен іске асыруына жағдай жасау;
  • Өз қабілетін нақты бағалауға, жергілікті қажеттілікке байланысты келешек мамандығын сапалы түрде таңдауға көмек көрсету;
  • Мемлекеттік үлгіге сай білім жүйесіне ене отырып, оқушылардың кәсіби маманданған орта білім алуын қамтамасыз ету.

Жоғарыда аталып өткен қағидаларды жүзеге асыру үшін:

  1. Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу.
  2. Пәндерді оқытудағы өнегелі іс-тәжірибені, жаңалықты Интернет жүйесіне енгізу, сөйтіп қазақ тілінде жазылған сайттарды көбейту.
  3. Барлық оқытушыларды компьютер тілін білетін етіп дайындау.
  4. Мемлекеттің тіл туралы саясатын білім беру жүйесі арқылы жүзеге асыру.
  5. Қазақ мектептерінде оқытылатын пәндердің бәрін ең жетілген әдіспен үш тілде оқыту.
  6. Бағдарламаны, оқулықтарды жетілдіру.
  7. Әрбір мектептерде істейтін оқытушылардың, қызметкерлердің сөздік қоры, тіл байлығы мол болып, ұлттық салт-дәстүр, мәдениетті терең білуін талап ету.
  8. Жоғары оқу орнында оқитын, мектепке баратын кадрларды, қазіргі қойылып отырған талапқа сай дайындау керек.

Аталған мәселелердің жүзеге асуы үшін мектеп алдында тұрған нақты проблемаларды, қазіргі жағдайларға нақты баға беруге қажетті тенденциялар мен заңдылықтарды зерттеуге, мектептің даму перспективаларын, оқу-тәрбие үрдісін және басқаруды жетілдірудің жоспарын анықтауға мүмкіндік туады.

Мұның өзі басшылардан кәсіби икемділік пен ұшқырлықты сан қырлы шығармашылық қызмет пен басқаруда ақпаратты қамтамасыз ету, талдау, жоспарлау, ұйымдастыру, ынталандыру, бақылау әрекетінде біліктілікті талап етеді.

Бұл талап ең алдымен басқару әрекетіндегі нақты мақсат қоюдан басталады. Басқаруда айқындалған мақсатқа жету үшін соған сәйкес міндеттерді және оны орындаудың тиімді жолдары анықталуы тиіс. Ол, менің ойымша төмендегідей:

  1. Бағытына қарай – әлеуметтік – педагогикалық, педагогикалық – психологиялық, ұйымдастырушылық – педагогикалық.
  2. Мазмұнына қарай – оқу тәрбиелілік, әдістемелік.
  3. Басқару деңгейіне қарай – оқушылар, мұғалімдер ұжымы, орынбасарлар, мектеп басқарудағы коллегиялды органдар деңгейлері.
  4. Уақыт. Кезеңге қарай – ұзақ, ағымды, жедел, жарты жылдық, тоқсандық, айлық, апталық.

Сондай – ақ мектеп басқару – білім берудің жаңа үлгісінің әр деңгейінің мақсаты мен міндеттерімен ұштасуы қажет және деңгейлер арасындағы байланыс, бірізділік, жүйелілік, сабақтастық сақталуы тиіс. Жаңа заманғы мектепті басқару – ғылымилық, демократиялық коллегиалдық принциптерге сүйенуі тиіс. Бұл принциптермен қатар басқаруда мектептің дамуын жүзеге асыратын, оны бір деңгейден екінші деңгейге өткізетін, жеке тұлғаны дамытуға бағытталған – жоспарлау, мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін, оның орындалуын анықтауға бағытталған – оңтайлылық, нақты нәтижеге бағытталған – әділдік, кадрлардың іскерлігіне , қабілетіне қарай қою принципіне сүйену – мектепте білім беру сапасын арттырудың бірден-бір жолы.

Бұл – басқарудың  өте бір маңызды жағы. Қазақ тарихындағы дала кемеңгерлері Қорқыт ата, әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Бұхар жырау, Абай – бәрінің арманы бір идеяға бағытталған, ол – «Адамның құнды, адамгершіліктен асқан мәңгілік асыл жоқ». Бүгінде білім берудің  жаңа жүйесін жүзеге асыруды басқару тәжірибесінің тиімді жақтарына сүйене отырып, осы армандарды жүзеге асыратын күн туып тұр.

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан білімін көтерудегі басты нәрсе қазіргі кездегі жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану, адам қоғамының барлық сапасына еркін кіріп, кең қолданыс табу. Жаңа ақпараттық технологияны оқу – тәрбие, басқару жүйесіне пайдалану білім сапасының деңгейін көтеру сөзсіз. Бүгінгі күні дүниежүзілік кеңістікте барлық мектептердің білім деңгейлерін арттыру үшін, негізгі жол бар екені белгілі болды, ол – білім сапасын ақпараттандыру жолы. Сонымен, мектеп басшылары білім берудің 12 жылдық жүйесіне көшу қарсаңында бәсекеге қабілетті Қазақстан білімін жүзеге асырудың бүгінгі күні талаптары негізінде ұжымның, мекеменің ерекшеліктерін ескере отырып, үнемі ізденіс үстінде болып, басқарудың тиімді жолдарын қолдануы қажет.

Мектеп басқарудың болашағы 12 жылдық білімге көшу қарсаңындағы кезең –кезеңімен атқыралатын жұмыстарға келіп тіреледі. Оқытудың жаңа педагогикалық , ақпараттық және денсаулық сақтайтын технологияларын енгізу, педагог кадрларды дайындау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, білім беруді ақпараттандыру, білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің міндеттерін іске асыру, қазақстандық білім берудің жаңа моделіне көшуге жағдай жасау үшін экономикалық негіздерді нығайту керек.

Бүгінгі таңда – өркениетті еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің ХХІ ғасырдағы қандай елдермен иықтас, кімдермен терезесі тең орында тұрары жас бүлдіршіндердің білімдеріне, мұғалімдердің сапалы, саналы білім беруіне, басшылардың икемділіктері мен біліктіліктеріне байланысты. Болашақ ұрпақ арасында жаны ізгі, жүрегі таза, сезімі нәзік білімді де тәрбиелі адамдар көп болуы үшін келешек мектептің берері мол, тәрбиелі, танымдық қуаты шексіз. Осы жауапкершілік жаңа әлемдегі жаңа мектепке, бізге жүктелді деп, болашаққа сенім артамыз. «Адам адамнан тек білімімен ғана артық», – деп Абай айтқандай, артықшылыққа ұмтылу жағы халқымызда жеткілікті және Қазақстан елінің білімге деген құштарлығы ерекше екенін уақыт дәлелдеп отыр.

Мектеп басқарудың жаңа жүйесіне көшу – әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді көздейтін заман талабынан туындаған мәселе. Мектеп бітірушінің әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі өзгерістерге икемделе отырып, ондағы өз орнын анықтауды жаңа типті мектеп қана қамтамасыз ететіндігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

«…Орта білім мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш буын», «…Бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің  іргетасы қаланады», «…Білім алуға талпынушылық, белсенділік, жеке бастың адам  қасиеттерінің негізі қаланады», «…Осы кезеңде баланың рухани және дене күші дами бастайды», «…Осы жасқа лайық мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралау қажет», «Бала жанына жақын қарым-қатынас арқылы оларды дамыту мәселесін ғылыми жолға қою керек». Сөзсіз, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, оның мақсат міндеттерін шешу ең алдымен, мектептің материалдық – техникалық базасын нығайтуды, педагогикалық қауымдастықтың көзқарасын толығымен өзгеруін талап етеді.

Оқушыларға сапалы білім беріп, мектеп жұмысы табысты болуы көбінесе педагог кадрлардың дайындық деңгейіне байланысты.

Осы орайда нәтижелі білімге жету үшін төмендегідей ұсынысымыз бар:

  1. Қазақстан білім жүйесін 12 жылдық модельге көшіру – ең алдымен бастауыш сынып педагогтарын жоғары дайындық деңгейінде болуын талап етеді. Сондықтан, мектептің және мұғалімнің статусын көтерудің уақыты келді.
  2. Педагогикалық мектептерге жаңа оқулықтар бойынша жүйелі жұмыстардың нұсқаулары және қайта өңделген бастауыш мектеп оқулықтарын түзету жұмыстары туралы материалдар қажет.
  3. Республикадағы алдыңғы қатарлы мектеп басшыларына нәтижелі білімге көшу барысындағы іс-әрекет мазмұны мен құрылымын оқып үйрену мақсатында қайта дайындық курстарына жіберу қажет.

Нәтижеге бағытталған білімге қол жеткізу ол атқарылған қызметке жүйелі талдау жасаудан байқалады. Талдау – мектепті дамыту мақсаттарын және оған жетудің әдістерін анықтау жолдарының алғашқы қадамы. Талдау барысында мына сұрақтарға нақты жауап алынуы керек:

  1. Нәтижеге жетуде қандай жұмыстардың орындалуы қанағаттанарлықсыз болады?
  2. Қандай кедергілер кездесті?
  3. Болашақта кездескен кедергілер мен кемшіліктерді жоюда оқу-тәрбие үрдісінің мазмұны, технологияларын, мамандардың деңгейін, материалдық-техникалық базасын және басқа да жағдайларды өзгертуі қалай жүзеге асырылмақ?

    1-кезең – күтілетін нәтижені анықтау;
    2-кезең – осы көрсеткіштер бойынша білім ұйымының жұмысының нәтижесін   бағалау;
    3-кезең – екі нәтижені салыстыру, ауытқуды анықтау;
    4-кезең – осы ауытқуға әсер еткен білім беру үрдісінің кемшіліктерін анықтау;
    5-кезең – білім беру үрдісі кемшіліктері мен нәтижесіне әсер еткен жағдайлар;
    6-кезең – осыдан нақты себептері көрсетілген маңызды проблемаларды белгілеу және шешу.

Жеке тұлғаның білім алу, рухани қажеттіліктерін, оның мүмкіндіктерін ескере отырып оларды қанағаттандыру, «адам білім үшін емес, білім адам үшін» принципін басшылыққа ала отырып оқу-тәрбие үрдісін материалдық – техникалық тұрғыда қамтамасыз ету қажет деп ойлаймын.

Check Also

Электрондық күнделікті пайдалану туралы

Электрондық күнделікті пайдалану туралы тамаша бейнесабақ.  Өскембаева Кенже ханымның тамаша бейнесабақтары.

Один комментарий

  1. Өте тамаша! Сізге шығармашылық табыс тілеймін! Көп көп рахмет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.