“Бастауышым – балбұлағым”. 4-сынып. Ашық тәрбие сағаты.

gulziratumen000Түменбаева Гулзира Қ Алматы қаласы Әуезов ауданы «Жаңа Ғасыр» №175 гимназия.

Мақсаты:

  1. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын , бастауышта алған  білімнің негіз болып қаланатынына көз жеткізу.
  2. Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру, әр баланың ерекшелігін  таныта отырып, сәт – сапар тілеу.
  3. Білім берер ордасы- мектепті, ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлығын арттыру. Өз Отанынының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.

Барысы:

Жүргізушілер: Ернат пен Алина

Ернат: Армысыздар! Жаны жайсаң қазақ елі!

Алина: Қайырлы күн! Қарыштаған Қазақстан, асқақтаған Алматы жұртшылығы!

Ернат:
Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал озбас, біле білсең білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда –

gulziratumen002деп Міржақып ақын айтпақшы , тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттердің  ұйымдастырған «Бастауышым – балбұлағым» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!!

Алина: Қош келіпсіздер, құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне  аттаған балалар білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып, бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.

Ернат:
Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген-бір мұрат.
Алдына түсіп ананың,
Жүргенін көрген-бір мұрат! – дегендей, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық!

Алина:
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4 «А»  сыныбын  ортамызға!

Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.
 
Ернат:  Сіздердің алдарыңызда тұрған 4 «А»  сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 2009 жылдың 1-қыркүйегінде 6 жасар бала болса,  бүгін міне , ес біліп, етек жиған шәкірт.  Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап «Тілашар», «Әліппемен қоштасу», дәстүрлі Наурыз тойлары, «Қыз сыны»,  мәнерлеп оқу сайыстары мен көрмелер, спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары біздің есімізде ұзақ сақталары сөзсіз.

Алина: Армандасаң да , қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген  аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі  балалық шақтан басталады.  Міне, бүгін біз өмірімізге өшпес із қалдырған бастауыш сыныппен  қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі  отырмыз. Ендеше, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыз бен ата- аналарымызға өнерлерімізді көрсетуге дайынбыз.
 
Ақылжан:
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты .
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар , ұстаздарым қымбатты!

Қарақат:
Армысыздар, әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.

Қайсар Б:
Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби-еркелер!

Сара:
Армысың сен, алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
 
Ернат: Алина, бұл мектептен қаншам адам тәлім-алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да, енді мен де мектептен тәлім-тәрбие алудамын.
 
Алина: Иә, мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арналған жырларын тыңдайық.

Мирас:
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.
Мектебім- білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4 жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.

Аружан:
Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.

Нұржан:
Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Мектеп-үйім , ұстазым менің-ата-анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып, сан тарапқа тараған.

Дильноза:
Мектебім- сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін, көктеймін.
Сен-бұлақ, мен- қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Мектеп-кеме, білім-теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін,
Азық етіп ер жетеміз.

Ернат: Хор: «Мектебім»

Ернат:  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,-деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып , білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз- ұстаз екені бәрімізге мәлім.

Алина: Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға, жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім – мектептің жүрегі»-деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған. Олай болса келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!

Мейіржан:
Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,
Бар асылын бізге жиып, мол береді.
Қанатымен су себелеп асыл жан,
Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.

Мағжан:
Тек үйреттің әділдікті, адалдықты,
Жирендік, ажыраттық жамандықты.
Жалғастырар ақ жолың сенің салған,
Бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.

Бернар:
Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны
Айқара есік ашып тастағаны.
Бір мереке думан боп осы маңда
Жетелеп бір сыныпқа алып барғаны.
Енді міне, сағымдай боп өте шықты
4 жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті,
Ұстаз ана жасады мына бізден
Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.

Бекарыс:
Үйретіп бізге алғаш әліппені,
Ұстазым ғылымға жол салып берді.
Адамның ой-арманы, мақсаттары
Оқудың сәулесімен жарық көрді.
Өмірге жол бір өзіңнен бастадым,
Әліпбиді алғаш сенен жаттадым.
Ұстаз-ана естен кетпес мәңгілік,
Мейіріммен жауырымнан қаққаның.

Әли:
Байсалды мінезіңнен бір қалыпты,
Менің де көкейімде із қалыпты.
Ұстаттың қағаз, қалам қолыма өзің
Ерінбей үйреттің де әр әріпті.
Беруші ең бізге айтып өлең, тақпақ
Таласып алушы едік біздер жаттап.
Өзіңіз баға қойған күнделікті
Жоғалтпай өмір бойы жүрем сақтап.

Хормен:
Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден!
Мың алғыс, мың алғыс, мың алғыс!
 
Ернат: Алина, есіңде ме, осыдан 4 жыл бұрын біз 6 жастағы сәби-балалар сөмкемізді зорға көтеріп, мектеп табалдырығын жасқана аттаған едік.

Алина: Енді міне, сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш мектеппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.

Ернат: Иә, міне сағымдай өте шыққан 4 жыл  бізді сауатты, тәрбиелі азамат етіп шығарды.

Алина: Ендеше бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа!

Алмас:
Шаттанамын мен бүгін шаттанамын,
Ғылым сырын түсіндім, мақтанамын.
Осы сырды үйреткен бастауышым,
Түстей болып, міне бүгін артта қалдың.

Жанболат:
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар, мәңгі талай жылдарға.

Қайсар А:
Бастауышым-балбұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.

Арман:
Бастауышым-балбұлағым,
Лаулап жанған шам шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.

Исмаил:
Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым-балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын!

Хормен:
Қош бол, қош бол,
Сүйікті бастауышым!

Ернат: Хор: «Үйретеді бастауышта»
 
Концерттік бағдарлама:
 
Алина: Ән ойнайды қазағымның қанында,
Күй ойнайды қазағымның жанында.
Үзіледі, үзіледі әуендер,
Күмбірлеген әсем күйдің сазында.

Ернаттың орындауында Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі.
 
Ернат:
Әрбір үйдің еркелері, наздары,
Әрбір үйдің көктемдері, жаздары.
Би билейді ортамызда жарқылдап,
Сыныбымыздың ару ерке қыздары.
Би «Аққу»

Ернат: Нұржан мен Мейіржанның орындауында «Алға, қазақ жігіттері» әні.

Ернат: Мирастың орындауында «Брейк данс» биі.

Алина: «Әрқашан күн сөнбесін» әні.

Алина: Айдында аққудай сылаңдаған
Біреулер күй, біреулер жыр арнаған,
Шықсын енді ортаға бишілер
Тал шыбықтай иіліп мың бұралған. Вальс.

Ернат: көрініс: «Дымбілмес пен Білімпаз»
 
Ернат: «Жеңімпаздар шеруі»
 
Алина: Құрметті қонақтар, осымен «Бастауышым-Балбұлағым» атты кешіміз аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ернат: Жұлдызыңды жақ! Бұл сөз тек сіздерге арналады, түлектер!
Ұстаздарыңыз, мектебіңіз соған тілекші. Жолдарыңыз болсын, түлектер!
Бернардың орындауында «Жаса, Қазақстан!» әні.

Мұғалім:
Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,
Сенімдердің айналыңдар серперіне.
Ұстаздық ақ жүректен  мен тілеймін,
Тек сәттілік – шәкірттерім ертеңіңе.
Айналайын жап-жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,
Тілек тілеп тұратын іздеріңнен.

Құттықтау сөздер. Венетка тарату.

2012-2013 оқу жылында 4 «А» сынып оқушысы Жұманов Мирас
«Арал теңізінің мәселесі: пайда болуы, қазіргі жағдайы және шешу жолдары» тақырыбында ғылыми жобасын жалғастырды.
Әуезов аудандық «Бастауыш сыныптар арасында ғылыми жобалар» семинарында қорғап шықты.

Осы автордың тағы да екі көрнекті сабағын көшіріп алыңыз.

Әдебиеттік оқу 3-сынып. Сабақтың тақырыбы: «Менің анам»

Ана тілі 1-сынып. Сабақтың тақырыбы: «Заттың атын білдіретін сөздер»

Check Also

Сабақтың тақырыбы: Дала жануарлары мен өсімдіктері

Мұқыжанова Әзипа Төкішқызы. Қарағанды облысы Шет ауданы Х Сәрінжіпұлы атындағы ЖОББМ базасындағы тірек мектебінің  бастауыш …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.