Сабақтың тақырыбы: «Киіз үй» 5-сынып

Қосалиева Гулмира Кусибековна. Жамбыл облысы Шу ауданы Толеби ауылы Өнер мектебі «Тоқыма» үйірмесінің жетекшісі.

gulmiraKos000Сабақтың мақсаты:
– Оқушыларға қазақ халқының ұлттық баспанасы киіз үй туралы мағлұмат бере о отырып білімдерін дамыту.
– өз халқының салт-дәстүрін құрметтеуге, мақтан етуге тәрбиелеу.
Түрі: танымдық.
Әдісі: түсіндіру, машықтық жұмыс
Көрнекілігі: киіз үйдің суреті, суретшілер шығармалары,сөзжұмбақ
Сабақтың барысы.
1. Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушылармен сәлемдесіп, журнал бойынша түгендеп, сабаққа дайындықтарын тексеріп, назарларын сабаққа аударамын.
2. Үйге берілген тапсырманы сөзжұмбақ арқылы қайталау.
3. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Қазақ жерінде 18-19 ғасырларда қолөнер ұлттық дәстүр тұрғысынан дамыған. Қазақ халқының қол өнері ғасырлар бойы жиі қолданылған өру, тоқу, тігу, бейнелеу сияқты шығармашылық өнердің жиынтықтары.
Сонымен қатар мал шаруашылығымен де айналысқан. Көшпелі қазақ халқында мал шаруашылығы тек оның тұрмыс тіршілігіне ғана емес, рухани мәдениетінде де көшпелі із қалдырған. Көшіп қонуға ыңғайлы киіз үйдің жасау жабдықтары да осы мал жүнінен, терісінен, сүйегінен жасалған. Сол себепті халық шығармасының барлық түрі, оның қоғамдық тарихымен, күнкөрісімен, кәсібімен тығыз байланысты.
Біздің дәуіріміздің 7 ғасырында өмір сүрген қытай ақыны Бо Цзой көшпенділердің тұрғын үйін былай жырлаған:
Киізіне жүні кеткен мың қойдың,
Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым.
Шым жібектен мықты желбеу байлаған,
Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран.
Кірсең жылы, іші қыз-қыз қайнаған,
Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң.
Киіз үйдің сүйегі жасалатын «үй ағашы» 6 ай немесе 1 жыл бұрын дайындалған.
Киіз үй құрылымдық ерекшелігіне байланысты екіге бөлінеді: сүйегі және жабуы.
Сүйегі: шаңырақ, уық кереге, сықырлауықтан тұрады.
Жабуы: туырлық – керегенің іргесінен уықтың орта шетіне дейінгі аралық;
үздік – кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралық;
түндік –шаңырақты;
киіз есік – сықырлауықты жауып тұрады.
Киіз үйдің көлемінің көлемінің кеңеюі оның кереге санының өсуіне байланысты. Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұштастыру, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында бау құралдар қолданылады. Олар: бас арқан, белбеу, шалма, басқұр, туырлық бау, үзік бау, бақан.
Бас арқан: керегенің басын сыртынан бастырып, орап тұратын қыл арқан.
Белбау: туырлықтың керегеге тығыз жатуы және оны жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастыра буатын қыл арқан.
Шалма: уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр.
Басқұр: киіз үйдің ішін безендіру үшін әрі туырлықтың кереге басына үйкелме уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тұратын жалпақ құр.
Туырлық бау: туырлықты ұстап тұратын әрі әсемдік үшін түр салынған жалпақ терме бау.
Үзік бау: үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден тағылған, уықтың үстінен айқастыра тартып, керегеге байлайтын жалпақ терме бау.
Бақан: бір ұшын екі аша етіп жасаған ұзын сырық. Әдетте майыспайтын, мықты ағаштан жасайды. Ол киіз үйді тіккен кезде шаңырақты көтеріп тұруға арналған.
Киіз үйдің бейнеленуі суретшілердің шығармаларында дние жүзілік сипатқа ие. Бүгін біз сендермен бірнеше суретшілердің шығармаларына талдау жасайық.
*Ә.Қастеев «Киіз үйдің ішкі көрінісі»
*Ә.Қастеев «Абай киіз үй маңында»
*С.Мәмбеев «Киіз үй алдында»
4.Сергіту сәті.
5.Машықтық жұмыс.
Бүгінгі сабақта киіз үйдің сыртқы көрінісін бейнелейміз:
1-топ. Түрлі-түсті қарындашпен.
2-топ. Субояқпен.
3-топ. Түрлі-түсті қағазбен.
6.Қорытынды.
Сұрақ-жауап арқылы қорытындылаймын.
-Киіз үй құрылымдық ерекшелігіне байланысты қанша бөліктен тұрады?
-Киіз үйдің негізгі қаңқасын ата?
-Киіз үйдің сүйегін, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында қолданылатын бау-құралдарды ата?
Оқушылардың жұмыстары тексеріліп, бағаланады.
7.Үйге тапсырма.
Киіз үйдің ішкі көрінісін бейнелеп келу.
8.Жұмыс орнын жинастыру.

Check Also

Сабақтың тақырыбы: Дала жануарлары мен өсімдіктері

Мұқыжанова Әзипа Төкішқызы. Қарағанды облысы Шет ауданы Х Сәрінжіпұлы атындағы ЖОББМ базасындағы тірек мектебінің  бастауыш …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.