Неткен сұлу, неткен көркем, Осы менің туған өлкем!

mb ОҚО, Қазығұрт ауданы, “Санаторий типтес №11 арнаулы мектеп-интернаты” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі Балыкбаева Маржан Құдайбергенқызы.

Мақсаты: 1) Балғын жастарға туған өлке тарихын зерделеуге, таным түсінігін кеңейтуге көмектесу. Туған жердің тарихына үңіле білу, ұлы тұлғалар өмірінен мағлұмат алу, болашақта елдің тұтқасы өзіміз боламыз деген түсінік қалыптастыру.
2) Творчестволық жұмыс арқылы өз бетінше жан-жақты дамуға, шығармашылық жұмыспен айналысуға бағыт беру;
3) Болашағымызды жалғастырушы ұрпақтардың бойында
Отансүйгіштік сезімдерін молайту, туған жерін, елін сүюге,
табиғат әсемдігін таныта және оны қорғай білуге тәрбиелеу.

Түрі: танымдық сайыс

Әдісі: сұрақ-жауап, ойын, тапсырмалар

Көрнекілігі: Қанатты сөздер, ОҚО-ның физикалық картасы, Қазығұрт ауданының физикалық картасы, Шымкент қаласы мен Қазығұрт ауданының бейнефильмдері, төс белгі, топтар аты, суреттер, үлестірмелі қиықшалар

Техникалық құралдар: Интербелсенді тақта, бейнекамера, фотоаппарат

Тәрбие сағатының жоспары:

І.Ұйымдастыру кезеңі
ІІ.Тәрбиешінің алғы сөзі
ІІІ. Сыныпты 2 топқа бөлу
ІV. Сайыстардың түрлері:
1. «Сәлем – сөздің патшасы»
2. «Өз өлкеңді білесің бе?»
3. «Жер – қазына, су – алтын»
4. «Есімдер еліне саяхат»
5. «Оңтүстіктің ұлы тұлғалары»
6. Шығармашылық жұмыс.
7. ВЕНН диаграммасы.
8. «Ойлан, тап»
V.Қорытынды

Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме құрметті қонақтар және оқушылар! Бүгін 7 «а» сыныбында «Неткен сұлу, неткен көркем, Осы менің туған өлкем!» атты ашық тәрбие сағатын өткелі отырмыз. Осынау кең – байтақ еліміздің шалқар көлдері мен асқар таулары, даласы мен алтын дәнді даласы, ақ күмістей қаласы, кенге толы өңірі мен малға толы өрісі бәрі болашақ ұрпақ, келешек азаматтары сендерге өсиет болып қалады.
Көгінде күн нұрын төккен
Жерінде гүл жұпар сепкен
Неткен сұлу , неткен көркем
Осы менің туған өлкем.
– Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көруге хақылысың. Туған жердің бір түйір тасы ат басындай алтынынан қымбат емес пе? Дулығалы ата-бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, мақтан еткен, бізге мұраға қалдырған. Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиісті. Бүгінгі танымдық сайысымызда сендердің туған ел, туған жер туралы білетіндеріңді ортаға саламыз. Өз білгенімізді еркін ортаға салайық.

1. «Сәлем – сөздің патшасы» топтарды, төс белгілерімен таныстыру, жарнамалы сайыс. /1 мин/

Тәрбие сағатымызды бастамастан бұрын қонақтар арасынан әділ қазылар алқасын сайлайық. Енді сыныптың оқушыларын екі топқа бөлейік.

1-топ: «Шымқала»
Ұраны: Шымкент қандай шырайлы,
Көрсең көзің тоймайды.
Күннің өзі құлшынып,
Нұрын төгіп тұрады.
Төс белгісі: Шымкенттің елтаңбасы.

2-топ: «Қазығұрт тауы»
Ұраны: Қазығұртым!Менің сүйген еркемсің
Жаным сенен жаратылған өлкемсің
Қандай жақсы, қазақ болып туғаным
О, туған жер! Тамашасың, көркемсің.
Төс белгісі: Қазығұрт тауындағы кеме.

2. «Өз өлкеңді білесің бе?» үй тапсырмасы бойынша екі топ оқушылары Шымкент қаласы мен Қазығұрт ауданы туралы реферат дайындайды және бейне-шоу көрсетіледі. /20 мин/

3. «Жер – қазына, су – алтын» оқушылар жер-су атауларына сипаттама береді және картадан орналасқан жерін көрсетеді. /3 мин/

Әр топқа сайыстың барысында жер-су атауларына байланысты алдын-ала үлестірмелі қиықшаларда тапсырмалар беріледі.

«Шымқала» тобына:
Кентау – 1955 жылы құрылған, алғашқы атауы Мырғалымсай кен орнының атымен аталған. «Қаратау тәжі» және «Қазақстанның жасыл-желекті қаласы»
Түркістан – ОҚО-ның батысында орналасқан әкімшілік бөлініс. 1928 жылы Түркістан ауданы болып құрылған.
Төрткіл (бұрынғы Ванновка) жер саты су кені – ОҚО Ордабасы ауданы Төрткіл ауылының оңтүстік шығысында орналасқан. Ауданның елді мекендерін шаруашылық және ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты барланған.
Сайрам – Арыс алабындағы өзен. ОҚО-дағы Төле би, Сайрам аудандары жерімен ағады. Өгем жотасындағы мұздықтардан басталады.

«Қазығұрт тауы» тобына:
Шардара жер асты су кені – Сырдария өзенінің сол жағалаулық аңғарында, ОҚО Шардара ауданы Шардара қаласының солтүстігінде орналасқан.
Келес өзені – Сырдария алабындағы өзен. ОҚО-ның Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара аудандары арқылы ағып өтеді. Бастауын Қаржантаудың батыс беткейі мен Қазығұрт тауынан алып, Көкбұлақ ауылының тұсында Шардара бөгеніне құяды.
Сарыағаш – ОҚО-дағы оңтүстік әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1928 жылы Келес ауданы болып құрылған. 1939 жылдан бастап Сарыағаш ауданы деп аталады.
Отырар – ОҚО-ның батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1935 жылы құрылған.

4.«Есімдер еліне саяхат» оқушылар ат қою себептерінен мәлімет береді. /1 мин/

Оқушы: Қазақ есімдерін зертеу ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Телқожа Жанұзақ ағамыздың өзінің айтуы бойынша азан шақырып қойылған есімі Төлқожа екен. Бұл есім балалардың үлкені төлдің басы, кейінгілерге қамқоршы болсын деген ниетпен берілген екен.
Оқушы: Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлудың ұлының аты Сайтүлек. Бұл есімнің мағынасы екі сөзден құралған: Сай – а) үлкен жыра, аңғар, ә) сәйкес, үйлесімді, лайық, дәл. Түлек – қыран құстың жетіліп, бабына келіп ұшқан балапаны.
Оқушы: Ақын Сауытбек Ұсаұлымен айтысқан ақын қыз Майсаның есімі «шөбі қаулап өскен, көгалды жер» дегенді білдіреді.
Оқушы: Кейбірде сәбилерге елді мекен, жер-су аттарына байланысты есім қойған. «Абай» энциклопедиясын оқығанда ақын Абай Құнанбайұлының төртінші атасы Торғай Айдосұлының есімі «Ақтабан шұбырынды» заманында Сыр бойына босып, ауа көшкенде Торғай өзенінің бойында дүниеге келгендіктен берілген.

5. «Оңтүстіктің ұлы тұлғалары» /4 мин/

«Шымқала» тобы: Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығы туралы. Шәмшінің әнінен біреуін орындады.

«Қазығұрт тауы» тобы: Сабыр Рақымовтың өмірбаяны туралы. Қазығұрт туралы ән айтады.

6. Шығармашылық жұмыс. Суреттерге қарап сөйлемдер құрастыру және бір-бірімен байланысы бар әңгіме шығару. /4 мин/

«Шымқала» тобына: зауыт, көп қабатты үй, базар, лифт, бағдаршам, зоопарк, автобус, цирк.

«Қазығұрт тауы» тобына: қой, егістік, сүт, мектеп, сағат, самаурын, тәпе нан, велосипед.

7. ВЕНН диаграммасы. Екі топ Шымкент пен Қазығұрттың ұқсастығы мен айырмашылығын табады. /3 мин/

8. «Ойлан, тап» топ басшылары сайысы. /1 мин/
Интерактивті тақтада жазылған өлең жолдарындағы көп нүктелердің орнындағы жоқ сөздерді тауып, ұйқастыру керек.

«Шымқала» тобы:
Той басталды …,
Сырдың сұлу бойында.
Кеудесінде оты жанған
Қызылқұмның қойнында.
Аңыздарда аты қалған,
Талай ақын толғаған –
Осындай той …
Басқа жерде болмаған!
Қайырмасы:
Туған елім-ай,
Өскен жерім, асқар белім,
Сенсің әнім менің,
Сәнім менің.
Алақандай аялаған,
Арманым да өзіңсің,
Ақ тілегін аямаған,
Ардағым да өзіңсің.
Сендегі жас, кәрінің де,
Қуанышы мол болсын.
Шәуілдірдің әр үйінде,
Дәл осындай той болсын.
/Отырар/

«Қазығұрт тауы» тобы:
Аузына жұртты қаратқан,
Арнасы ғұнның – ….
Арабтар кейін таратқан,
Ордасы діннің – ….
Қазақтан шыққан хандардың,
Қабірі қалған – ….
Талантты дана жандардың,
Тамыры болған – ….
Бұл күні сенсің түркінің,
Темірқазығы, айғағы.
Өзіңсің және бұл күні,
Алаштың алтын айдары.
Өзіңсің Меккем арайлы,
Егемен елдің қаласы.
Қасиет тұтып қарайды,
Қазақтың барша баласы.
/Түркістан/

Қорытынды.

Әділ қазылар алқасы топтардың жинаған ұпайларын жариялайды.

Тәрбиеші: Кең далам менің, кеңдігіммен керілген,
Тау тасымен табанды етіп өсірген.
Шөптері мен гүлдері, жұпар иісі аңқыған,
Өзендері мен көлдері анау, Сарыарқаның сазынан жаратылған.
Туған еліміздің әр тасы, әр бұтасы, ең аяғы құбылмалы аспаны мен көшпелі бұлты да ата – бабамыздың бізге тастап кеткен баға жетпес аманаты. Сондықтан шаңырағы күннің шуағына бөленген, іргесі інжу маржанға толы, керегесі кең жайлау, байтақ, бай әрі сұлу жерімізді аялап, елімізді ардақтап өтейік. Туған өлкемізді, Атамекенімізді, Отанымызды мақтан етейік!
Осымен танымдық сайыс сабағымыз аяқталды, сабағымызға қатысқандарыңызға рақмет.

Check Also

Электрондық күнделікті пайдалану туралы

Электрондық күнделікті пайдалану туралы тамаша бейнесабақ.  Өскембаева Кенже ханымның тамаша бейнесабақтары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.