Кітап – рухани сарқылмас қазына (библиографиялық сабақ).

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылы, Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектебінің кітапханашысы: Ұлықбанова Райхан Сейдалықызы.

Мақсаты: Кітап – сарқылмас рухани қазына дей келе, білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру. Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру. Кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, оқулықты күтіп ұстауға үйрету.
Көрнекілігі: Оқу-білім туралы айтылған сөздер жазылған плакаттар. Балалар ақын-жазушыларының суреттері.

Барысы
І-бөлім.
Ұйымдастыру кезеңі

Кітапханашы:
Кітап та алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы,

Кітабыңның әр бетін, – деп Мұзафар Әлімбаев ағамыз жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар сендерге білім көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде – ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз.

Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі-өнеге мен тәрбие аламыз. Оқыған-тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек.

1-оқушы: Кітап – заманымыздың өмірі. Ол кәріге де, жасқа да қажет. Біз кітаппен күн сайын кездесеміз. Кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, рухани дүниелерді оятып, ертегі, әңгімелермен сыр шертіскен кітап – біздің ең жақын ақылшымыз.

Кітапханашы: Балалар, ортамызға кітапты шақырайық.

Кітап: Балалар, мен білім көзі – кітаппын. Мені жасау үшін адам баласы көп еңбек сіңіреді. Алдымен адам орманнан ағаш кеседі. Оны фабрикаға апарады. Фабрика ол ағаштардан қағаз шығарады. Содан соң авторлар жазады, суретші ағайлар сурет салады. Баспахана суреттер мен жазуларды жазып шығарады.

Кітапханашы: Кітап, ендеше сен, бүгін бізде қонақта болып, балалардың өнерін тамашалап қайт.

Адамның досы кітап – өмір кілті,
Тең келмес оған жиған мүлкі.

Ақылшы, жанға серік, жол бастаушы,
Асыл ой – қазынасы, өмір көркі.
Тұрады басын құрап әріп неден,
Басталған білім басы әліппеден.
Қарасақ – шалқар теңіз, түпсіз мұхит,
Оқысаң кітап сырын ашып терең.

Қазақстан азаматтары білімді, мәдениетті және өнерлі болу керек. Ол үшін терең білім, ғылыми жаңалықтар, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітаппен тынымсыз еңбек етеді.

1-оқушы:
Саған білім жемісін,
Оқулығың береді.
Талай адам сол үшін,
Маңдай терін төгеді.
Орманшының аялы,
Алақаны өсірген.
Сонау ағаш саялы,
Қағаз үшін кесілген.

2-оқушы:
Ағаш кесіп қанша адам,
Ормандарда жүреді.
Аға қанша шаршаған,
Ағаш тиеп үнемі.
Машинист боп жасынан,
Дүбірлетіп даланы.
Сол ағашты тасыған,
Білер ме екен көп адам.

3-оқушы:
Заводтарда күні-түні,
Қағаз жасап бағалы.
Қанша адам кім үшін,
Маңдай тері тамады.
Оқулықты баршаға,
Талай ғалым қолға алып.
Жылдар бойы қаншама,
Жазады ұзақ толғанып.

4-оқушы:
Бояу жағып не түрлі,
Суретшілер көркемдеп.
Қанша уақыт отырды,
Әріп теру үшін де.
Талай адам терледі,
Баспахана ішінде
Айлап тыным көрмеді.

5-оқушы:
Оқулықты мектебің,
Берер саған теп-тегін.
Білмейсің-ау еш бірақ,
Қаншама еңбек кеткенін.
Оқулығың – құралың,
Жағар білім шырағын.
Баса алмайсың ешқашан,
Онсыз алға бір қадам.

6-оқушы:
Оқулықты құрметте,
Күтіп ұста, кірлетпе.
Кішілерге табыс ет,
Дақ түсірмей бір бетке.

Кітапханашы: Кітап адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Ол енді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Кітап жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады.

Кітапты біздің қоғамымыздың әрбір адамы күнделікті тұрмысында қолданады. Одан ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады. Кітап – біздің рухани жан азығымыз.

Балалар, бүгін бізге мектебіміздің кітапхана меңгерушісі келіп отыр. Ол кісі қазір сендерге кітапханаға келіп түскен оқулықтар мен әдеби кітаптарды таныстырып өтеді.

Кітапхана меңгерушісі: Балалар, қыркүйек айында әп-әдемі, сыртының жаңа мұқабасы мен әдемі суреттерімен, небір асыл маржандай сөздерімен, қиын да, қызықты есептерімен күлімдеп, алдарыңа келген оқулықтар мамыр айының аяғында ренішпен, мұңлы болып кітапханаға келіп жатады. Енді, сол оқулықтардың ренішін көрініс арқылы тамашалап көрелік.

ІІ – бөлім.

«Кітаптар мұңы».

– Ей, бауырым, тұрсаңшы! Біз қайда келдік өзі?
– Ой, мазамды алмашы. Өйткені тірлігі бар болсын. Одан да парақтарымның жыртылып, желге ұшып кеткені дұрыс еді.
– Не болды, не болды соншама? Жалғыз сен деймісің, осындай күйге түскен?
– Өй, сен кімсің, сыртың бүп-бүтін ғой өзіңнің.
– Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанымен, ішім – түтін. Ана тілімін. Мені басып шығару үшін қаншама адам баласы еңбек етті.
Балалар оқысын, сауат ашсын, адам болсын деген ниет қой бәрімізде. Мен де өзімнің білімімді беруге тырыстым.
– Бәріміз де сондай ниетте едік. Артықбай деген баланың қолына түстім.
– Мен Сотқарбай деген баланың кітабымын, Ол парақтарымды жыртып алып, кептер жасап, ұшырып ойнағанда «қой» демеді ғой үлкен ағасы, шіркін!
– Онда мұңдас болдық қой, достым. Біздің Артықбай көзімді бақырайтып қойып, суретімді бастырып, бетімді шимайлады.
– Адам өз мүлкіне ұқыпты болса ғой. Әдепті балалар көп. Мысалы, менің бір досым бар. Ол екеуміз парталас болдық. Соның иесін айт, оқушы деп! Бүлдірмек түгілі, шаң мен кір жуытпайды.
– Ендігі алдағы күніміз не болар екен? Мүмкін бәрімізді жинап-жинап, отқа жағар? Кітап шығару үшін көп қаржы керек қой.
– Иә, достар, қадірін білетін жақсы балалар көбейе берсе екен.

ІІІ – бөлім.

«Кітап емханасы».

Кітапханашы: Балалар, бүгін бізге дәрігер келіп отыр. Ол кісі бізге кітаптардың сұраулары туралы біраз мағлұмат береді.
Дәрігер апай, сізге сөз кезегі.
Дәрігер: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Адамдар мен жан-жануарлар сияқты кітаптар да ауырады.
Кітаптарда мынандай ауру түрлері болады:
1. Туғаннан пайда болған аурулар (баспадан дұрыс басылмаған).
2. Қартайғаннан болатын аурулар (көп жыл ұсталғаннан).
3. Жұқпалы аурулар (жыртылып, сия төгіліп, май қолмен ұстаудан).
4. Дұрыс жағдай болмағандықтан болатын аурулар (терезенің алдында күнде көп тұру немесе ылғал, дымқыл жерде сақталу).
5. Бақытсыздықтан болатын аурулар (жығылып батпаққа бұлғану, жыртылу)
Егер осылардан сақтасаңдар кітаптарың ешқашан ауырмайды.

Кітапханашы: Міне, балалар, көрдіңдер ме, біз бүгін көптеген мағлұматтар алдық.
Осы кітапханалардың балаларға білім негіздерін сапалы меңгертуде, жан-жақты тәрбие беруде, әр түрлі әдеби шығармалармен таныстыруда атқаратын маңызы зор.
Сондықтан, ең алдымен, кітап қазынасының ордасы – кітапханадан бастайық.

 

Check Also

ҰБТ – 2017 жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өтеді. Қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. ҰБТ– жоғары оқу …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.